9 мамыр. Тұлғалар туған күн

календарь
Фото: ҚазАқпарат

Бүгін, 9 мамыр күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

70 жыл бұрын (1954) ҚР мемлекет қайраткері Қайрат Әбдіразақұлы МӘМИ дүниеге келді.

Алматы облысында туған. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Құқықтанушы, заң ғылымдарының докторы, профессор.

Еңбек жолы: 1981-1990 жылдары Гурьев облыстық сотының стажері, мүшесі, төрағасының орынбасары, төрағасы, 1990-1993 жылдары ҚазКСР Жоғары Сотының мүшесі, 1993-1995 жылдары Алматы қалалық сотының төрағасы, 1996-1999 жылдары ҚР Жоғары Сот алқасының төрағасы, 1999 жылы ҚР Әділет вице-министрі, 1999-2000 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары, 2000-2009 жылдары ҚР Жоғары Сотының Төрағасы, 2009-2011 жылдары ҚР Бас прокуроры, 2011-2013 жылдары ҚР Парламенті Сенатының төрағасы, 2013-2017 жылдары ҚР Жоғары Сотының Төрағасы, 2017-2022 жылдары ҚР Конституциялық Кеңесінің төрағасы болды.

«Парасат», ІІ дәрежелі «Барыс», «Ұлы Петр» ордендерімен, төрт медальмен марапатталған.

61 жыл бұрын (1963) Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Нұрбақыт Әбдіғалиұлы БӨКЕБАЕВ дүниеге келді.

Алматы облысы, Шелек ауданының Ащысай ауылында туған.

1981-1983 жылдары әскери борышын өтеген. 1985-1987 жылдары Республикалық эстрада цирк студиясының вокал бөлімін аяқтап, 1987-1991 жылдары Алматы театр өнері институтын «кино және драма актеры» мамандығы бойынша тәмамдаған.

1991-1992 жылдары Қазақконцерт бірлестігінің солисі, концерт жүргізушісі, әкімшісі болып қызмет атқарды. 1992-1995 жылдары Алматы қаласында Мәдениет министрлігінің бас маманы, 1995-1998 жылдары Ж.Елебеков атындағы Республикалық эстрада цирк колледжінің актер бөлімінің меңгерушісі және Т. Жүргенов атындағы Кино және өнер институтында дәріс берді. 1998-2000 жылдары Т. Жүргенов атындағы Кино және өнер институтының проректоры қызметін атқарды. 2000-2005 жылдары Алматы қаласы Бостандық ауданының Ішкі саясат басқармасының басшысы, 2005-2006 жылдары Алматы қаласының Ішкі саясат департаментінің бас эксперті, 2006-2008 жылдары Алматы қаласының Кіші Ассамблеясының төрағасы, 2008-2010 жылдары Астана қаласында Мәдениет министрлігі Өнер басқармасының басшысы, 2010-2012 жылдары Ғ. Мүсірепов атындағы жасөспірімдер театры директорының бірінші орынбасары, 2012-2015 жыл аралығында Абай атындағы Қазақ Ұлттық опера және балет театры директорының бірінші орынбасары, 2016-2022 жылдары Қазақ мемлекеттік циркінің директоры қызметтерін атқарды.

59 жыл бұрын (1965) Дүниежүзілік сауда ұйымы және халықаралық экономикалық ұйымдар жанындағы Қазақстан Республикасының тұрақты өкілі Жанар Сейдахметқызы АЙТЖАНОВА дүниеге келді.

Қазіргі Түркістан облысы Созақ ауданы Жуантөбе ауылында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін, Вена Біріккен институтын, Гарвард университетінің Дж.Кеннеди атындағы Мемлекеттік басқару мектебін (АҚШ) тәмамдаған.

Университетті бітіргеннен кейін ҚазМУ-де және ММУ-де, Карлов және Орталық Еуропа университеттерінде (Чех Республикасының Прага қаласы) машықтанудан өтті. БҰҰ-ның Қазақстан Республикасындағы Өкілдігінде бағдарламалар үйлестірушісі, Моңғолиядағы БҰҰ-ның үйлестірушісі және БҰҰ-ның Даму бағдарламасы Өкілінің көмекшісі болып жұмыс істеді. БҰҰ Даму бағдарламасының Нью-Йорк қаласындағы Еуропа және ТМД өңірлік бюросының Орталық Азия елдері бөлімінің бағдарламалар жетекшісі болды. 2003 жылғы қыркүйекте Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда вице-министрі болып тағайындалды. 2005 жылғы мамырда оған Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік Сауда Ұйымына (ДСҰ) кіруі жөніндегі келіссөздердегі Қазақстан Республикасының Арнайы өкілінің міндеттері жүктелді. 2010 жылдың наурызында Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және сауда министрі болып тағайындалды. 2011 жылғы сәуірде Қазақстан Республикасы Экономикалық интеграция істері жөніндегі министр болып тағайындалды. 2016-2017 жылдары Қазақстан Республикасының Швейцария Конфедерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болған. 2017-2019 жылдары Қазақстан Республикасының Швейцариядағы, Лихтенштейн Князьдігі, Ватикан Мемлекеті, Иерусалим, Родос және Мальтадағы Төтенше және Өкілетті Елшісі. Женева қаласындағы Біріккен Ұлттар Ұйымының бөлімшесі және басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі.

Қазіргі қызметінде – 2022 жылдың қазанынан.

46 жыл бұрын (1978) Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары Жандос Жәнібекұлы ӨМІРӘЛИЕВ дүниеге келді

Шымкент қаласында туған. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін бітірген. 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі.

Еңбек жолын 2000 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданы прокурорының көмекшісі қызметінен бастаған. 2004-2005 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы прокуратура басқармасының прокуроры және аға прокуроры, 2005-2010 жылдары Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе облыстары прокуратураларының және Батыс өңірлік көлік прокуратурасының орынбасары және басқарма бастығы, 2010 жылдан 2011 жылға дейін Бас прокурордың ерекше тапсырмалар жөніндегі аға көмекшісі – Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің хатшысы, 2011-2017 жылдары Алматы қаласы прокурорының орынбасары, 2017-2018 жылдары Бас прокурор Аппараты басшысының орынбасары және Бас прокуратураның Кадрларды дамыту департаментінің бастығы, 2018-2022 жылдары Батыс Қазақстан облысының прокуроры қызметін атқарған.

2022 жылғы маусымнан бастап - Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары.

91 жыл бұрын (1933-1994) спорт журналисі, публицист және қоғам қайраткері Сейдахмет БЕРДІҚҰЛОВ дүниеге келген.

Алматы облысы, Жамбыл ауданына қарасты Қаракесек қыстағында туған. 1956 жылы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін бітірген.

1965-1970 жылдары «Қазақстан пионерінің» редакторы, 1970–1986 жылдары «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінің редакторы, 1986–1994 жылдары «Жалын», «Балауса» баспаларының директоры болды. Шығармалары: «Сол орамал жоғалмайды» (1965), «Жүрек ұйықтауды білмейді» (1966), «Жұмыр жерде теңбіл доп» (1968), «Егеулі найза» (1969), «Аспаннан шұға жауған күн» (1975), «Мұңайып оянған қала» (1979), «Үшінші подъезд» (1980), «Пердесіз көңіл» (1983), «Арбаған мәні бір сиқыр» (1987) және тағы басқа.

Соңғы жаңалықтар