9 мамыр Жеңіс мерекесі ретінде алғаш рет ресми түрде қалай жарияланды?

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін 9 мамыр - Ұлы Жеңіс күні. Кеңес Одағының халқы мен Қызыл армияның 1941-1945 жылдар аралығында Кеңес Одағына баса-көктеп кірген фашистік Германияның әскерлеріне қарсы жүргізген Ұлы Отан соғысында қол жеткізген Жеңіске биыл 70 жыл толып отыр. Бұл Жеңіс мерекесі КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1945 жылдың 8 мамырындағы арнайы Қаулысымен бекітілген.
None
None

«Социалистік Қазақстан» газетінің 1945 жылдың 9 мамырындағы (сәрсенбі) №90-шы санында жарияланған Қаулыда былай делінген:

«9 мамыр күнін Жеңіс мерекесі деп жариялау туралы

КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының қаулысы

Неміс-фашист басқыншыларына қарсы жүргізген Кеңес халқының Ұлы Отан соғысын жеңіспен аяқтағаны құрметіне және сөзсіз тізе бүккенін білдірген Гитлер Германиясын толық талқандаумен аяқталған, Қызыл Армияның тарихи жеңісінің құрметіне, 9 мамыр бүкілхалықтық салтанат күні - ЖЕҢІС МЕРЕКЕСІ болып белгіленсін.

9 мамыр жұмыс істемейтін күн болып есептелсін.

КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Төрағасы М.Калинин

КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының хатшысы А.Горкин.

Мәскеу, Кремль

1945 жылғы 8 мамыр».

Жеңіс күні барлық дерлік ТМД елдерінде тойланып келеді.

Ал тарихқа көз жүгіртсек, 9 мамыр 1948 жылға дейін ғана демалыс күні болып келген екен. Алайда, КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1947 жылғы 23 желтоқсандағы қаулысымен бұл күн демалыс күні ретінде күшін жойды. Неге бұл күн жұмыс күні болып жарияланды? Оның нақты себебі әлі күнге дейін белгісіз. Дегенмен, кейбір деректерге сүйенсек, бұл қаулы КСРО Орталық комитетінің бас хатшысы, генералиссимус Иосиф Сталиннің бастамасымен қабылданған деген болжам бар. Мақсат - «Жеңіс маршалы» атанған, әрі халық арасындағы танымалдығы күннен-күнге арта бастаған Г.Жуковтың беделін төмендету.

Сондай-ақ соғыстан кейін алғашқы 20 жыл ішінде әскери салтанатты шеру тек бір рет - 1945 жылы 24 маусымда ғана өткен. Бірақ ресми түрде газет-журналдарда арнайы мақалалар жарияланып, салтанатты кештер ұйымдастырылып тұрған. Ірі қалаларда отшашулар берілген. Жалпы, Кеңес халқы 9 мамыр жұмыс күні болса да, оны соғыс ардагерлерімен бірге көңілді атап өтуге тырысқан. Ал 1965 жылы КСРО Орталық комитетінің бас хатшысы Леонид Брежневтің бастамасымен 9 мамыр қайтадан демалыс күні болып жарияланды. Сонымен қатар Қызыл алаңдағы Белгісіз жауынгер зиратына гүл шоқтарын қою, сол алаңда салтанатты әскери шеру өткізу және Кремльде салтанатты қабылдау рәсімдері жүзеге асырыла бастады.

Қазақстан халқының да Ұлы Жеңіске қосқан үлесі орасан зор. Елімізде 50-ден астам әскери бөлімше, 25 әскери құрама, 20 атқыштар дивизиясы жасақталды. Ал сұрапыл соғыста 410 мыңнан астам отандасымыз қаза тапты. 125 мың адам хабар-ошарсыз кетті. Ұлы Отан соғысы жылдарында көрсеткен ерліктері үшін 600 мың жерлесіміз жауынгерлік орден, медальдармен марапатталса, 500 қазақстандық Кеңес Одағының батыры атанды. Әке-аталарымыз Мәскеу, Ржев, Ленинград және Сталинград түбінде, Кавказда, Курск доғасында және басқа да майдандарда ерліктің тамаша үлгілерін көрсетті.

9 мамыр - Жеңіс күні Қазақстан халқы үшін қасиетті мерекелердің бірі болып қала бермек.

Соңғы жаңалықтар