9 наурыз. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 9 наурыз күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ҚазАқпарат күнтізбесі
Фото: Kazinform

ЕСІМДЕР

71 жылбұрын (1953) көрнекті суретші, ҚР Көркемөнер академиясының мүшесі, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Әлібай Қалтайұлы БАПАНОВ дүниеге келген.

Әлібай Қалтайұлы БАПАНОВ
Фото: novoetv.kz

Қызылорда облысында туған. 1973 жылы Н.В.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін, 1979 жылы В.И.Суриков атындағы Мәскеу мемлекеттік көркемсурет институтын бітірген.

Еңбек жолы: 1981 жылдан Н.В.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесінің арнаулы пәндер оқытушысы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының оқытушысы.

Көптеген сурет, түс кілемдердің авторы, оның туындылары ҚР Президентінің резиденциясын, «Ақ бұлақ» демалыс үйінің банкет залын безендіріп тұр. Суретші еңбектері көптеген республикалық, халықаралық көрмелерде, симпозиумдарда көрсетілді. Солардың қатарында: бүкілодақтық «Сенеж» шығармашылық тобы (РСФСР, 1986); Канн халықаралық көрмесі (Франция, 1989); «Көркемсурет текстилі-1989» халықаралық конкурсы (Рига); Польшадағы кілемдер халықаралық конкурсы (1994); Түркиядағы халықаралық кілемдер конкурсы (1995); Тегерандағы Мұсылман елдерінің халықаралық өнер фестивалі (1995); «Киіз-98» халықаралық симпозиумы (Вильнюс, 1998); II Халықаралық симпозиум (Дания, 1998), т.б. бар.

Оның суреттері Қазақстан, Ресей, Украина, Польша, Дания, Испания музейлерінде, Қазақстан, Франция, Америка, Лихтенштейн, Түркия, Германия, Швеция, Швейцария елдеріндегі жекеменшік коллекцияларда сақтаулы.

«Ерен еңбегі үшін» медалімен (2003); ҚР Мәдениет министрлігінің құрмет грамотасымен марапатталған.

61 жыл бұрын (1963) «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ-ның Қостанай облысындағы филиалының директоры Марионелла Васильевна СЛЕСАРЬ дүниеге келді.

СЛЕСАРЬ Марионелла Васильевна
Фото: top-news.kz

1985 жылы Қостанай педагогикалық институтын (шет тілдер факультеті) «Француз және неміс тілі мұғалімі» біліктілігі бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 1985 жылы Қостанай облысы, Ленин ауданы, № 2 Ленин орта мектебінде шет тілі мұғалімі, 1992 жылы Қостанай облысы Ленин ауданы, №2 Ленин атындағы орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, 1994 жылы Қостанай облысы Ленин ауданы No 2 Ленин орта мектебінің директоры, 1996 жылы Қостанай облысы Ленин ауданы облыстық білім бөлімінің басшысы, 2004 жылы Қостанай облысы Ұзынкөл ауданы әкімінің орынбасары лауазымын атқарған. 2010 жылы Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет басқармасының басшысы, 2012 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Қостанай облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны директорының м.а. болып қызмет атқарған.

Қазіргі қызметін 2012 жылдың қыркүйегінен бері атқарып келеді.

Облыс әкімінің Құрмет грамоталарымен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Астанаға 10 жыл» медальдарымен марапатталған.

54 жыл бұрын (1970) Ақмола облысы Аршалы ауданының әкімі Мұрат Сағатұлы БАЛПАН дүниеге келді.

Мұрат Сағатұлы БАЛПАН
Фото: Аршалы ауданының әкімдігі

Ақмола облысы Ақкөл ауданында туған. Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін, А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетін бітірген.

Еңбек жолы: 1989 жылы Ақкөл ауданы "Хлебороб" совхозының құрылыс учаскесінің жұмысшысы, 1991-1994 жылдары Ақкөл ауданы "Хлебороб" кеңшарында токарь, бригадир көмекшісі, МТФ бригадирі, 1994-1998 жылдары Наумовка ауылдық әкімшілігінің басшысы, Ақмола облысы Ақкөл ауданы Наумовка ауылдық округінің әкімі, 1998-1999 жылдары Ақмола облысы әкімі аппаратының ұйымдастыру-бақылау бөлімінің консультанты, 1999-2000 жылдары Ақмола облысы Целиноград ауданы әкімі аппаратының басшысы болып қызмет атқарған. 2000-2008 жылдары Ақмола облысы Ақкөл ауданы әкімінің орынбасары, 2008-2009 жылдары "ҚТЖ" ҰК " АҚ филиалы бөлімшелерінің басшылық лауазымдарында жұмыс атқарды. 2009-2011 жылдары "Бәсекелестік саясатты дамыту және қорғау орталығы" АҚ департаментінің директоры, 2011 жылы ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігі мемлекеттік органдардың бәсекелестікке қарсы іс-әрекеттерін тексеру басқармасының бастығы, 2011-2012 жылдары ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігінің Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары бойынша өңіраралық инспекциясының бастығы, 2012-2014 жылдары Ақмола облысы Бұланды ауданының әкімі, 2014-2015 жылдары Ақмола облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары, 2015-2017 жылдары Ақмола облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы, 2017-2021 жылдары Ақмола облысы Жарқайың ауданының әкімі қызметінде болды.

42 жыл бұрын (1982)VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Самат Русланұлы НҰРТАЗА дүниеге келді.

НУРТАЗА Самат Русланович
Фото: parlam.kz

Талдықорған қаласында дүниеге келген. 2003 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Халықаралық қатынастар факультетін бітірген. 2017 жылы Ұлыбританияның Шеффиллд қаласында «Болашақ» бағдарламасы бойынша магистратураны бітірген. Запастағы лейтенант.

2005-2007 жылдары Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің оқытушысы, 2007-2009 жылдары Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің оқытушысы, 2009-2011 жылдары Орталық Азия университеті филиалының басшысы, 2012-2014 жылдары "Азаматтық авиация академиясы" АҚ халықаралық орталығының басшысы қызметінде болды. 2017-2019 жылдары "Qazaqstan" РТРК-да БАҚ-пен жұмыс бөлімінің басшысы, 2019-2021 жылдары Еуразиялық интеграцияда БАҚ-пен жұмыс жөніндегі орталықтың басшысы, 2022-2023 жылдары "Қоғамдық келісім" РММ директорының орынбасары қызметін атқарды.

Қазіргі қызметін 2023 жылғы наурыздан бастап атқарып келеді.

«Құрмет» орденімен және «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

69 жыл бұрын (1955-2016) белгілі ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор Скандербек Өмірбекұлы ЖОЛДАСБЕКОВ дүниеге келген.

Шымкентте туған. 1977 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің механика және қолданбалы математика факультетін бітірген.

Еңбек жолы: 1978 жылы Алматы ауыр машина жасау зауытының комсомол комитеті хатшысының орынбасары, 1978-1981 жылдары Қазақстанның ЛКЖО Алматы облыстық комитеті комсомол кадрлар секторының инструкторы, меңгерушісі, 1981-1983 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының Механика және машинатану институтының кіші ғылыми қызметкері, 1983-1989 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының Механика және машинатану институтының аға ғылыми қызметкері, 1989-1990 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының Механика және машинатану институтының бас ғылыми қызметкері, 1990-1992 жылдары «Машинажасау» республикалық ғылыми-инженерлік орталығының директоры, 1992 жылдары ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі қызметін атқарған. 1992-1993 жылдары ҚР Президенті және Министрлер Кабинеті аппаратының ғылыми-техникалық прогресс бөлімі меңгерушісінің орынбасары, 1993-1995 жылдары ҚР Премьер-Министрінің көмекшісі, 1995-1997 жылдары ҚР Ғылым академиясы Механика және машинатану институтының директоры, 1997-1998 жылдары ҚР ғылым министрінің - Ғылым академиясы президентінің орынбасары, 1998 жылдан «Машинажасау» салааралық ғылыми-технологиялық орталығы» Республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының бас директоры, 2010 жылдан академик Ө.А.Жолдасбеков атындағы Механика және машинатану институтының директоры болды.

Жоғары сыныптағы механизмдер теориясына қосқан сүбелі үлесі үшін В.Г. Шухов атындағы халықаралық алтын медальмен марапатталған.

Соңғы жаңалықтар