9 өңірде бюджет кірістерінің жоспары орындалмады
АСТАНА. KAZINFORM — Биыл 9 айдың қорытындысында 9 өңір жергілікті бюджет кірістерінің жоспарын орындай алмады. Бұл туралы Үкімет отырысында Қаржы министрі Мәди Тәкиев айтты.
Министр дерегінше, биыл 9 айда жергілікті бюджеттің кірістері 6,9 трлн теңгені құрап, 96,1%-ға орындалды. Аталған кіріс көлемінің өткен жылмен салыстырғанда өсу қарқыны 102%-ға жетіп, 125,6 млрд теңгеге артық орындалып отыр. Ал бюджет қаражатының кем түсу көлемі 278,3 млрд теңгені құрады.
— Жалпы, жоспар 9 өңірде орындалмады, оның ішінде басым ауытқу Атырау, Павлодар және Маңғыстау облыстарында болды. Осыған байланысты әрбір өңірде меншікті кіріс әлеуетін пайдаланған жөн. Әкімдіктер мемлекеттік кірістер органдарымен бірлесе отырып, жыл соңына дейін қосымша түсімдерді қамтамасыз ететін нақты шараларды қарастыруы қажет, — деді ол.
Мәди Тәкиевтің мәліметінше, мемлекеттік бюджет шығыстары — 98%-ға атқарылып, қаржыландыру көлемі 26,2 трлн теңгені құрады. Республикалық бюджет 99,6%-ға атқарылып, шығыстар 19,6 трлн теңге болды.
Оның ішінде:
— зейнетақы мен жәрдемақыға — 5,3 трлн теңге;
— өңірлерді қолдауға — 4,4 трлн теңге;
— нақты секторды қолдауға — 2 трлн теңге бағытталды.
— Бұл ретте жергілікті бюджеттердің шығыстары 96,3%-ға атқарылып, 11,9 трлн теңгеге жетсе, атқарылмаған қаржат көлемі 458,4 млрд теңгені құрады, — деді министр.
Осыған орай ол Премьер-министр Олжас Бектеновтен әкімдіктер мен бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне осы жылдың аяғына дейін бюджетте көзделген параметрлердің мерзімінде және сапалы атқарылуы үшін қажетті шаралар қабылдауды тапсыруды сұрады.
Бұған дейін республикалық бюджет кірістерінің өсуіне қандай факторлар әсер еткенін жазған едік.