9 сәуір. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 9 сәуірге арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады. 

календарь күнтізбе
Фото: Kazinform / Midjourney

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

2010 жылы Алматыда № 5572 әскери бөлімінде тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан ішкі әскер жауынгерлеріне арналған Ескерткіш аллеясы ашылды. 1995 жылы 7 сәуір күні Тәжікстан тауларында әскери қызмет бабындағы Қазақстанның Ішкі әскер ротасы тұтқиылдан тап берген лаңкестердің шабуылына ұшыраған болатын. Олардың қазақстандық ротаны жоюға қатысты жоспары іске аспай, керісінше кері шегінулеріне тура келген. Алайда шайқас 17 жауынгердің өмірін қиып кетті. Бұл күн Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ішкі әскер бөлімінде батырларды еске алу күні болып саналады.

2013 жылы Бішкекте қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезовке арналған мемориалдық тақта салтанатты түрде ашылды.

2016 жылы Қазақстан ұлттық кітапханасында Құран Кәрімге түсінік беретін — «Құран тәпсірі» қолжазбасы табылған. Кембридж университетіндегі парсы зерттеулерінің жетекшісі, профессор Фируза Мелвиллдің пікірінше, бұл қолжазба ғылым әлеміндегі нағыз сенсацияға айналуы мүмкін.

2017 жылы қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өткен «17th Top China Music Awards» шарасында «Халықаралық дәрежедегі танымал әнші» номинациясы бойынша марапатталды.

2018 жылы жүзуден Испания ашық чемпионатының екінші күні Олимпиада чемпионы, қазақстандық Дмитрий Баландин 200 метрге брасс әдісімен жүзу жарысында алтын медальды жеңіп алды. Баландин жеңіске жетумен қатар, 2:09:31 нәтижесімен осы қашықтықта Испания чемпионатының рекордын орнатты.

2019 жылы республикалық телеарналар эфирінен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астана уақытымен сағат 13.00-де ел азаматтарына үндеу жолдады. Онда Мемлекет басшысы 2019 жылдың 9 маусымында кезектен тыс Қазақстан Республикасы Президентін сайлау өтетінін мәлімдеді.

2021 жылы Қазақстанда Саяси қуғын-сүргін мәселелері жөніндегі мамандандырылған мұрағат қоры құрылды, онда саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты мыңнан астам мұрағат істері сақталады.

2022 жылы қазақстандық чемпион Геннадий Головкин (42-1-1, 37 КО) жапониялық Риота Муратаны (16-3, 13 КО) нокаутқа түсірген алғашқы боксшы болды. Муратамен жекпе-жекте Головкин орта салмақтағы WBA Super, IBF және IBO белдіктерін біріктірді.

2023 жылы Астанада күрес түрлерінен Азия чемпионаты басталды. Жарыстың алғашқы күнінде грек-рим стилінің өкілдері бес салмақ дәрежесінде жүлделі орындарды сарапқа салды. Оның төртеуінде қазақстандықтар Азия чемпионатының жеңімпазы атанды. Турнир басталған күні қазақстандық палуандардың топтамасы бір күміс және үш қола жүлдемен толықты.

2025 жылы Оңтүстік Кореяның Eastar Jet әуе компаниясы Орталық Азия нарығына шығып, Сеул-Алматы-Сеул жаңа халықаралық бағытты іске қосты. Рейстер аптасына екі рет, дүйсенбі және жұма күндері орындалады. Бағытқа ұзақ қашықтыққа ұшулар үшін арнайы оңтайландырылған B737-8 әуе лайнері қызмет көрсетеді.

2025 жылы Димаш Құдайбергеннің жаңа әні Мажарстанда хитке айналды. «Love’s Not Over Yet» композициясы Deezer француз музыкалық стримингтік платформасында Мажарстанда ең көп тыңдалатын 100 әннің қатарына енді.

2025 жылы Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының Су кодексіне қол қойды. Кодекске енгізілген алғашқы түзетулер суды үнемдеудің жаңа тетіктерін енгізуге және су айдындарын қорғауға бағытталған. Алғаш рет заңнамаға «су қауіпсіздігі» ұғымы енгізілді.

2025 жылы америкалық фотограф Каролина Воштасиктің Қазақстандағы сұңқарды аңға салу туралы фотосуреттері халықаралық сыйлыққа ие болды. «Фотография индустриясының Оскары» аталатын беделді Lucie Award беделді сыйлығының иегері Каролина Воштасик Қазақстанға алғаш рет келді. Нью-Йорктің танымал фотографы түсірілімін Алматы облысында Іле Алатауының етегіндегі Күрті ауылында және Қаскелең қаласында өткізді.

Соңғы жаңалықтар