9 тамыз. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 9 тамыз күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР
53 жыл бұрын (1972) «ҚазТрансОйл»АҚ Павлодар мұнай құбыры басқармасының бастығы Темірхан Қайырбекұлы ӘБДІРОВ дүниеге келді.

1997 жылы О.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетін «Пайдалы қазбалар кен орындарын жерасты өндіру» мамандығы бойынша, 2002 жылы Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін «Газ және мұнай құбырларын жобалау, салу және пайдалану» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолы: 1992 жылы «Қазмеханомонтаж» Жезқазған монтаж басқармасының технологиялық жабдықтарын монтаждаушысы, 1996-2006 жылдары технологиялық жабдықтарды жөндеу жөніндегі слесарь, Жезқазған АВП бригадирі, Барсеңгір сорғы станциясының бастығы, БПО бастығы, «ҚазТрансОйл» АҚ Жезқазған мұнай құбыры басқармасының бас инженері, 2006-2008 жылдары бас инженер - Батыс филиалы директорының бірінші орынбасары, «ҚазТрансОйл» АҚ Маңғыстау мұнай құбыры басқармасының бас инженері болды, 2008-2013 жылдары «Батуми мұнай терминалы» ЖШС бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары, бас директоры, 2013-2015 жылдары «ҚазТрансОйл» АҚ Батыс және Шығыс филиалдарының күрделі құрылыс және күрделі жөндеу жөніндегі директорының орынбасары, 2015-2018 жылдары «ҚазТрансОйл» АҚ Шығыс департаменті бөлім бастығы, бас инженер-директордың бірінші орынбасары, 2018-2019 жылдары Жезқазған мұнай құбыры басқармасының бастығы, «ҚазТрансОйл» АҚ Қарағанды мұнай құбыры басқармасының бастығы қызметін атқарды. «Батуми мұнай терминалы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры, 2019-2022 жылдары «ҚазТрансОйл» АҚ Операторларға қызмет көрсету департаментінің директоры, 2022-2023 жылдары «ҚазТрансОйл» АҚ Павлодар мұнай құбыры басқармасының бастығы, 2023-2025 жылдары «ҚазТрансОйл» АҚ бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары қызметін атқарды.
2025 жылдың сәуір айынан бері қазіргі қызметінде.
45 жыл бұрын (1980) «Досжан темір жолы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Серікжанұлы ӘДІЛБАЕВ дүниеге келді.
Қазақ көлік және коммуникациялар академиясын «Темір жолдағы тасымалдауды ұйымдастыру және басқару» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолы: «ҚТЖ» ҰК» АҚ филиалының Семей көлік бөлімінің терминал станциясында тасымалдау құжаттарын өңдеу операторы, «ҚТЖ» ҰК» АҚ филиалы Семей көлік бөлімінің Дегелең станциясында кезекші, «ҚТЖ» ҰК» АҚ филиалы Семей көлік бөлімі Дегелең стансасы бастығының жедел жұмыс жөніндегі орынбасары, «ҚТЖ» ҰК» АҚ Семей жол филиалы өндірістік-техникалық бөлімі бастығының орынбасары, Семей көлік бөлімі Дегелең стансасы бастығының жедел жұмыс жөніндегі орынбасары, «Досжан темір жолы» АҚ (ДТЖ) пайдалану дирекциясының техникалық бөлімінің менеджері болып жұмыс істеген. 2009-2015 жылдры «Досжан темір жолы» АҚ (ДТЖ) Тасымалдау үдерісі басқармасының тасымалдауды ұйымдастыру бөлімінің бастығы, 2015-2017 жылдары «Досжан темір жолы ДТЖ» АҚ пайдалану дирекциясы директорының орынбасары, 2017 жылы «Досжан темір жолы» (ДТЖ) АҚ пайдалану және жылжымалы құрам департаментінің директоры қызметін атқарды. 2019-2024 жылдары «Досжан темір жолы» АҚ басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары - Шығыс Қазақстан филиалының директоры лауазымын атқарды.
2024 жылдың шілде айынан бері қазіргі қызметінде.
106 жыл бұрын (1919-1942) әскери ұшкыш-штурмовик, сержант, Кеңес Одағының батыры Нұркен Әбдірұлы ӘБДІРОВ дүниеге келді.

Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданында туған. 1939 жылы Қарағанды аэроклубының ұшқыштар курсын бітіріп, запастағы пилот мамандығын алады.
Қызыл армия қатарына 1940 жылы шақырылған. Орынбор авиация училищесін бітіргеннен кейін (1942 ж. ), 267-ші авиация дивизиясының 808-ші полкіне жіберілді. Шайқаста ержүректілігімен, іскер қимылдарымен көзге түсті, жаудың оқ-дәрі, қару-жарақ қоймаларын, адам күші мен ұрыс техникасын жойды. 16 рет әуе шайқасына қатысып, фашистердің 12 танкісін, 28 жүк автомобилін, оқ-дәрі тиеген 18 машинасын, жанармай құйылған 3 цистернасын, 3 зеңбірегін жойып, 50-ден астам неміс солдаты мен офицерін жер кұштырған. Н. Әбдіров жаудың Сталинград шебіне енетін Боков-Пономаревка ауданындағы қорғаныс бекінісі мен шоғырланған танкілерін жою үшін әуеге көтеріледі. Тапсырманы орындау кезінде Н. Әбдіров бірнеше дзотты, зенит артиллериясының 2 нүктесін, 6 танкті жойды, бірақ өзінің ұшағы да зақымданды. Жалын шарпыған ұшағын жау техникасы шоғырланған тұсқа бағыттап, капитан Н.Ф. Гастелло сиякты қаһармаңдықпен қаза тапты.
Ростов облысының Вешенск ауданының Н. Әбдіров жерленген Коньки хуторында, Қарағанды қаласында, сондай-ақ оның есімі берілген ауылда (батырдың туған жерінде) Н. Әбдіровке ескерткіштер орнатылған. Қарағандыда Н. Әбдіров атындағы даңғыл бар. Жыл сайын Н. Әбдіров атыңдағы жүлде үшін еркін күрестен жарыс өткізіледі. Волгоградтағы Мамаев қорғанының етегінде Н. Әбдіров бейнелі зираты жасалған. Қарағандыдағы кеншілердің мәдениет сарайының репертуарына Нұркен Әбдіров туралы балет енгізілген (музыкасы А. Руденскийдікі). Н. Әбдіров туралы Г. Якимов жазған «Мәңгілік өмір шыңына» («Пике в бессмертие») атты деректі повесть (Алматы, 1966 ж. ) бойынша «Қазақтелефильм» студиясы фильм шығарды.
35 жыл бұрын (1990-2023) қазақстандық инди-поп-орындаушы, әндер авторы, саунд-продюсер және музыкант Дархан Балтабекұлы ЖҮНІСБЕКОВ (Darkhan Juzz) дүниеге келді.

Алматыда туған.
14 жасынан музыка жаза бастады. 2016 жылы Darkhan Juzz өзінің «Ең сұлу» және «Қалдырма мені» атты алғашқы тректерін жариялады. 2017 жылы оның музыкасы «Махаббаттың 8 кезеңі» атты қысқаметражды фильмде пайдаланылды. Содан кейін оның «Күн мен айым» атты алғашқы бейнебаяны жарық көрді. «Ирина Кайратовна шоуымен» бірлесе отырып, «Бари музыкант» трегі, одан кейін «Неге нигга?» бейнебаяны жарық көрді. «Шекер» трегі нағыз хитке айналып, «Шекер» атты телехикаяда пайдаланылды. 2019 жылы оның «TBRN» атты дебюттік синглдер жинағы шықты.
2021 жылы Darkhan Juzz Forbes Kazakhstan журналының болашағы бар 30 жас қазақстандық тізіміне енді. 2023 жылы 11 тамызда Алматыда музыкантты еске алуға арналған Tebiren Fest фестивалінде «aūe» альбомының тұсаукесері өтті.