9 желтоқсан. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 9 желтоқсанға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР
Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні
Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күнін Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Бас Ассамблеясы жариялайды және жыл сайын 9 желтоқсанда аталып өтеді.
Конвенцияның мақсаты – сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және жою. Бүгінгі таңда Конвенцияға 170-тен астам мемлекет қосылды. 2008 жылғы 4 мамырда Қазақстан Республикасы бұл құжатты ратификациялады және осымен еліміздің сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністеріне қарсы тұруға берік шешімін көрсетті.
Халықаралық геноцид құрбандарын еске алу күні
2015 жылдың қыркүйегінде БҰҰ Бас Ассамблеясы Армения бастамасымен 9 желтоқсанды Халықаралық геноцид құрбандарын еске алу, олардың ар-намысына құрмет көрсету және осы қылмыстың алдын алу күні деп белгіледі. 1948 жылы 9 желтоқсанда Бас Ассамблеяның Геноцид қылмысының алдын алу және оны жазалау туралы конвенциясы қабылданғандықтан осы күн таңдалып алынды.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1991 жылы Қазақ КСР Министрлер Кабинетінің қаулысымен Қазақстанның А. Пушкин атындағы мемлекеттік кітапханасы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы болып өзгерді.
1996 жылы Елбасы Жарлығымен Желтоқсан көтерілісіне қатысып, құрбан болған боздақ Қайрат Рысқұлбековке «Халық Қаһарманы» атағы берілді.
1997 жылы Тегеранда ислам әлемінің экологиялық апаттардан зардап шеккен аймақтарына: Арал теңізінің бассейні мен Семей ядролық полигон аймағына көмек көрсету туралы қарар қабылданды.
2008 жылы Қарағандыда ұлы Абайға арналған ескерткіш ашылды. Ескерткіш авторы – мүсінші Асқар Нартов. Биіктігі бес метрлік мүсін Қарағанды облысының көркемдік-өндірістік комбинатында құйылған.
2009 жылы Алматыда белгілі кинооператор, халық әртісі, кинематографистер одағының мүшесі Ескендір Тынышбаевтың 100 жылдығына арналған пошта маркасы шығарылды.
Ескендір Тынышбаев (1909-1995) – қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби кинооператор. Ол түсірген деректі және ғылыми-көпшілік фильмдер Қазақстанның кино өндірісінің алтын қорына еніп, операторлық өнер бойынша оқу құралына айналды.
2010 жылы Кеден одағы Жоғары органының отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Беларусь Республикасы Президенті Александр Лукашенко, Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведев «Бірыңғай экономикалық кеңістік құру туралы» декларацияға қол қойды.
2011 жылы Польша Республикасында «Польша поштасы» ұлттық компаниясы Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай арнаулы пошта маркаларын шығарды. Ел аумағының контуры түсіріліп, қазақтың ұлттық оюымен безендірілген марканың бетіне «Қазақстанның тәуелсіздігіне 20 жыл» деп жазылды. Мерейтойлық марка 500 мың данамен шығарылды, номиналы – 2,40 злотый (Польшаның ақша бірлігі).
2015 жылы Алматыда ҚР Спорттық оқ ату федерациясы Президентінің кубогында пневматикалық қарудан оқ атуда Қазақстан Республикасының жаңа рекорды орнатылды. Рекорд – ҚР Қорғаныс министрлігі Армия орталық спорт клубының армиялық спортшысы Юрий Юрковқа тиесілі. 10 метр қашықтықта атқыш 624,4 ұпай жинап, Әзербайжанда өткен 2015 жылғы әлем кубогында орнатқан алдыңғы 622,9 ұпайынан асып түсті.
2016 жылы Қазақстанның үш ұлттық театрына кәріс, неміс және ұйғыр театрларына академиялық театр мәртебесі берілді.
2016 жылы Ақтауда Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің кемелеріне арналған алғашқы әскери пирс ашылды.
2016 жылы бес дүркін Олимпиада чемпионы, танымал кеңес гимнастшысы Нелли Ким АҚШ және Женевада Қазақстан халқы Ассамблеясынан әлем елшісі атанды.
2018 жылы мәдениетті дамытуға қосқан зор үлесі және өз ісіне адалдығы үшін Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева Ресейдің «Ұлттық ұлылық» сыйлығымен марапатталды. Марапаттау рәсімі Мәскеудегі Мемлекеттік Кремль сарайында өтті.
«Ұлттық ұлылық» сыйлығы – ресейлік және шетелдік табысты тұлғаларды анықтау және ынталандыру мақсатында құрылған тәуелсіз қоғамдық сыйлық. Ол мемлекет және қоғам қайраткерлеріне, мәдениет пен өнер өкілдеріне де беріледі.
2019 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданы Донецкое ауылының маңында көне жерлеу орны табылды. Егде жастағы әйелдің сүйектерімен бірге балықтар бейнеленген күміс айна, былғары қораптың қалдықтары, қайшылардың сынығы, ағаш тарақ және тостағанның сынықтары мен темір біліктер болды.
2019 жылы Астанада Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға сараптама жүргізу бойынша зертханалық сынақ орталығы ашылды. Орталықтың ашылуы Қазақстан аумағына контрафактілік және жалған медициналық бұйымдарды әкелудің жолын кесіп, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың сапасын бақылауға мүмкіндік береді.
2020 жылы Ұлытауда бүкіл түркі жұртының киесі саналатын Көкбөрі ескерткіші бой көтерді. Ол Ұлытаудан 35 шақырым жерде – Жезқазғанға апаратын жол бойындағы жолаушылар тыныстайтын «Күмісбұлақ» демалыс орны аумағында орнатылды. Бұл – әлемде осындай сипаттағы әрі осындай көлемдегі тұңғыш ескерткіш. Оны Гиннестің рекордтар кітабына енгізу шаралары қабылданды. Тұрқы аса тартымды нысанның идея авторы әрі мүсіншісі – Еуразия Дизайнерлер одағының мүшесі Амантай Меңдіғалиев. «Ұлытау Көкбөрісі» атауы телінген еңселі ескерткіштің биіктігі – 9,70 метр, оның ішінде мүсіннің биіктігі – 6 метр, ал тұғыры – 3,70 метр. Көкбөрі мүсінінің жеке салмағы 2 тонна болса, тұғырымен қоса есептегендегі салмағы – 5 тонна шамасында. Ішкі құрылымы темірден әзірленіп, жалпы бітімі 60 градус аяз бен ыстыққа дес бермейтін пластик материалдан құйылып жасалған.
2020 жылы Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның тізіміне «Ақкөл», «Арал теңіз», «Атбасар», «Ырғыз», «Қазалы», «Михайловка», «Түркістан» және «Жаркент» метеостанциялары енгізілді.
Қазақстанда ғасырлық бақылау тарихы бар 35-тен астам метеорологиялық станция жұмыс істейді. Қазақстанның барлық жүз жылдық метеостанцияларын әлемдік қоғамдастық кезең-кезеңімен мойындайды.
2021 жылы Ақтөбе әуежайында «Visit Aktobe» атты алғашқы туристік ақпараттық орталық ашылды. Мұнда әрбір адам жергілікті туристік өнімдер, көрікті жерлер, өңірдің тарихи құндылықтары, оқиғалар, экскурсиялық маршруттар және т.б. туралы толық ақпарат ала алады.
2022 жылы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Бішкекке барып, Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңестің жұмысына қатысты.
2023 жылы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Euronews телеарнасына сұхбат берді. Оның барысында Мемлекет басшысы Ресей Қазақстанның стратегиялық әріптесі екенін мәлімдеді. Қазақстан мен Ресей әлемдегі ең ұзын құрлық шекарасына ие, ынтымақтастық дәстүрі сақталуы тиіс. Қазақстан Президенті халықаралық аренадағы күйзелістерге қарамастан, Қазақстан ынтымақтастықты жалғастыратынын қуаттады.