90 мыңға жуық адам әлеуметтік желіде Жалпыұлттық коалиция бастамасын қолдады
АСТАНА. KAZINFORM – Жалпыұлттық коалиция аясында әлеуметтік желілерде пайдаланушылардың аватарларына тақырыптық рамка орнату бастамасы жүзеге асырылуда. 15 наурызға белгіленген жалпыұлттық референдум қарсаңында өз азаматтық ұстанымын жария түрде білдірген 88 мыңнан астам адам акцияға қосылды.
Twibbonize.com ашық платформасында арнайы «referendum2026» твиббоны жүктелді. Бірнеше күн ішінде ол өсу қарқыны бойынша ТОП-1 қатарына еніп, сервистегі ең көп қолданылған твиббонға айналды.
Қазіргі уақытта бастаманы қолдаушылар саны 88 мың адамға жетті. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, жаңа Конституция жобасын қолдайтын азаматтар саны күн сайын артып келеді.
Онлайн-белсенділікке бірқатар танымал қазақстандықтар да қосылды. Атап айтқанда, блиц-шахматтан әлем чемпионы Бибісара Асаубаева, Сидней Олимпиадасының жүлдегері Мұхтархан Ділдәбеков, бокстан Қазақстанның үш дүркін чемпионы Василий Левит, еңбек сіңірген өнер қайраткері Қаракөз Сүлейменова, музыкант Абай Бегей, продюсер Ренат Басит, «Дервиши» тобының солисі Дільмұрат Бахаров, халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов және актер Ерболат Төлеген бар.
Бастама Қазақстанның әр өңіріндегі пайдаланушыларды біріктіріп, азаматтардың ел болашағын талқылауға қатысуының жоғары деңгейін көрсетті.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, бұл акция қоғамдағы цифрлық белсенділіктің жаңа форматына айналып отыр.
Айта кетейік, ТМД сайлау органдары басшыларының отырысында референдум мен ЖИ мәселелері талқыланды.