А. Баталов: Біздің алдымызда 5 институционалды реформаны жүзеге асыру жолында 100 нақты қадамды орындау міндеті тұр
Күн тәртібінде екі мәселе: 2015 жылдың 1-ші жартысындағы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және 2-жартыжылдыққа арналған міндеттер, барлық деңгейдегі әкімдердің тұрғындармен өткізген есептік кездесулерінде айтылған ұсыныстар мен ескертулер бойынша қабылданған іс-шаралар жоспарының орындалу барысы туралы мәселелер қаралды. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Бірінші мәселе бойынша облыс әкімінің бірінші орынбасары Махаббат Бигелдиев баяндама жасады. Баяндамашы өз сөзінде, биылғы жылдың І жартыжылдығында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында тұрақты серпін сақталғанын айтты. Ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 108,3 млрд. теңгені құрады, нақты көлем көрсеткіші - 101,6%. Ауыл шаруашылығы дақылдарының барлық егістік алқабы 5,7 мың га ұлғайып, 926,8 мың га жеткен.
Өнеркәсіп өнімі 249,0 млрд. теңгеге өндірілді. Жаңа 20 өнеркәсіп объектілері іске қосылып, жұмыс жасап тұрған 4 өндіріс кеңейтілді, қосымша 871 жұмыс орны құрылды. Негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 199,5 млрд. теңгені құрады. М. Бигелдиев баяндамасында «Бизнестің жол картасы-2020», «Жұмыспен қамту жол картасы-2020», «Балапан», шағын және орта бизнесті дамыту, салық түсімі, жылыту маусымына дайындық және тағы басқа да әлеуметтік мәселелерге тоқталып өтті.
Жарыссөзге Райымбек, Қарасай, Кербұлақ аудандарының әкімдері мен облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Б. Тәнекенов шығып, өз өңірлері мен салаларында атқарылып жатқан жұмыстары туралы айтты.
Екінші мәселе бойынша облыс әкімі аппаратының басшысы Сұлтан Дүйсембінов баяндады. Оның айтуынша, есептік кездесулерде барлығы 470 ұсыныстар мен ескертулер айтылған. Баяндамашы ұсыныс-ескертпелер бойынша жасалған іс-шаралар жоспарының орындалу барысына тоқталды.
Облыс әкімі А. Баталов: «Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес барлық бағытта да жұмыс қарқынын күшейтуіміз керек. Бүгінгі күні біздің алдымызға Бес институционалды реформаны жүзеге асыру бағытындағы жаңа міндеттер қойылып отыр. 60 және 61 қадамға сәйкес біз сүт және сүт тағамдары өндірісін, ет және ет өңдеу өндірісін дамыту үшін стратегиялық инвесторлар тартуымыз қажет. Қазіргі кезде «Сыбаға» бағдарламасы бойынша көрсеткіштеріміз төмен. Алматы қаласы маңында азық-түлік белдеуін дамыту бағдарламасы әлі күнге дейін аяқталған жоқ. Белдеуді және сүт қабылдау пункттерін, мал бордақылау алаңдарын құру жөніндегі тапсырмаларды орындауда нәтиже байқалмайды», - деп кемшіліктерді атап өтті.
Мұнан соң өңір басшысы өндіріс көлемін арттыру, Индустрияландыру картасы шеңберіндегі нысандарды іске қосу, туризмді дамыту, «Ұлттық чемпион» бастамасына назар аудару, «Қазақстанда жасалған» акциясын жалғастыру сияқты бірқатар мәселелерге назар аударды.
«Білім беру, денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау мәселесі - тұрақты бақылауды қажет ететін сала. Білім саласында алдымызда оқу сапасын арттыру, мектепке дейінгі мекемелер санын көбейту міндеті тұр. Денсаулық саласында да кемшіліктер көп. Медициналық қызмет көрсету сапасының төмендігіне шағым көп түседі, материалдық-техникалық базалар ескірген. Кадр жетіспеушілігін шешу үшін жас мамандарға арнап үй салып, жағдайын жасау керек. Неге осындай ұсыныстарды айтпайсыздар? Жеке меншік медициналық мекемелер жұмысын да дамыту керек, сонда бәсеке орнап, қызмет көрсету сапасын жақсартуға ықпал ететін болады. Әлеуметтік қорғау саласында жұмыс орындарын сақтап қалу, жұмысшыларды жұмыстан босатуға жол бермеу, еңбекақы қарыздарының болмауын басты назарда ұстау қажет», - деді.
Жиын қорытындысында облыс әкімі А. Баталов биылғы жылы облыста бірқатар бағыттар бойынша өсім бар екенін, дегенмен жұмыс қарқынын бәсеңдетпей, II тоқсанға арналған міндеттерді орындауға бел шеше кірісу қажеттігін ескертті. Осы мақсатта орынбасарлары мен облыстық басқармалар басшыларына, аудан, қала әкімдеріне нақты тапсырмалар берді.
«Біздің алдымызда Бес институционалды реформаны жүзеге асыру жолында 100 нақты қадамды орындау міндеті тұр. Республикалық іс-шаралар жоспарына сәйкес 43 тармақтан тұратын облыстық жоспар қабылдадық. Осы тармақтардың әрқайсысы нақты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне бекітілді. Енді осы бес бағытта жұмыс істейтін бес жұмыс тобын құрып, жұмысшы органдарын анықтауымыз керек. Сондай-ақ жыл соңында әрбір әкімнің жұмысын мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысына, 100 нақты қадам міндеттерінің жүзеге асырылуына байланысты жасалған рейтинг бойынша бағалайтын боламыз», - деді.