А.Баталов республикалық БАҚ басшыларымен жүздесіп, Жетісу жеріндегі түйінді мәселелерді талқылады
Жаңа жылдың алдына жоспарланған бұл кездесуге еліміздегі республикалық телеарналар мен газеттердің 30-ға жуық өкілі қатысты.
Кездесу барысында қатысушылар назарына облыс туралы фильм ұсынылды. Мұнан соң сөз алған Амандық Баталов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасын орындау бағытында атқаратын іс-жоспарларымен бөлісіп, облыстағы түйінді мәселелер мен оларды шешу жолдары жайлы баяндады. Ауыл шаруашылығында жүгері, қант қызылшасы өсіру, ирригациялық жүйелер туралы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы табиғи газ тарту, ауыз су сапасын жақсарту мәселелері, басқа да проблемалар мен оларды шешу тетіктері мен жолдарына тоқталып өтті. Талдықорған қаласының даму жоспарларына да көңіл бөлінді. Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Сейітқазы Матаев, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Жұмабек Кенжалин, «Централ Азия Монитор» газетінің бас редакторы Бигелді Ғабдуллин облыс басшысының өңірдегі кейбір түйінді мәселелерді шешу бағытында баяндаған жоспарларын қолдайтындарын, алдағы уақытта да Алматы облысымен ынтымақтаса жұмыс істейтіндерін жеткізді. «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбайұлы облыста мәдениетке, жұмыспен қамтуға, ауыл ішіндегі жолдар сапасына қатысты бірқатар назар аударылуы тиіс мәселелерді айтып, өз ұсыныс-тілектерін жеткізді. Жаңалық жаршылармен жыл аяғындағы жүздесу - Жетісу өңіріндегі игілікті шаралардың жалғасы болып қала бермек, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен.