А.Баталовтың тапсырмасымен 10 бала облыс әкімінің грантымен оқытылып, жұмыспен қамтылмақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы облысының әкімі Амандық Баталов жұмыс сапарымен Текелі қаласына барып, алдымен «Green House - Жасыл үй» ЖШС-да болды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметінен.
None
None

Аймақ басшысы мұнда «Апорт» бағдарламасының орындалу барысымен, жылыжай кешенінде қияр өсіру ісімен танысты.

Қала әкімі Талғат Қайнарбековтің хабарлауынша, биыл «Достық» өндірістік аумағында орналасқан «Каженов» шаруа қожалығы 15 гектар жерге апорт алмасын отырғызған. Сонымен қатар тағы екі шаруа қожалығы апорт еккен. Болашақта осы өндірістік аумақта алма өңдеу зауытын іске қоспақшы. Ал жылыжай қиярын тек Талдықорған, Алматы қалаларына ғана емес, Ресейдің Омбы, Новосібір, Мәскеу қалаларының сауда орындарына жөнелту жоспарланып отыр. Облыс әкімі жылыжай шаруашылығына қажетті 10 маманды аз қамтылған отбасы балаларының ішінен облыс әкімінің грантымен оқытып, осы шаруашылыққа жұмысқа тұрғызу туралы тапсырма берді. Мұнан соң облыс әкімі 120 орындық №1 балабақшада, «КазТЭК» ЖШС-да болды. Қала әкімі аймақ басшысын Талғат Қайнарбеков «Шағын қалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламасының» орындалу барысымен таныстырды. Төрт бағыт бойынша атқарылған шараларды баяндай келе, бірнеше жаңа жобалардың жобасын көрсетті. Сондай-ақ А.Баталов бағдарлама шеңберінде абаттандырылған орталық саябақта болып, оның болашақтағы даму жобаларымен танысты. Мұнда қазірдің өзінде ашық аспан астындағы мұражай, роллер клубы, шағын архитектуралық мүсіндер қойылған, алдағы уақытта балалар аттракциондары, кәсіпкерлер аллеясы, пейнтбол клубы сияқты көптеген жобалар жүзеге асырылмақ. Ресми делегация туризм мектебіне ат басын бұрып, балалардың тауға өрмелеу, өлкетану, велоспорт түрлерін дамыту жұмыстарын тамашалады. Бұдан соң олар Жастар орталығы ғимаратында, қарттар үйінде және Текелі кенді қайта өңдеу кешенінде де болды. Облыс әкімі Амандық Баталовтың Текелі қаласына жасаған жұмыс сапары қала активімен болған кездесумен қорытындыланды. Кездесу барысында облыс басшысы Елбасының «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты Жолдауының әрбір бағыты бойынша атқарылатын жұмыстар, соның ішінде Алматы облысына қатысты жобалар туралы баяндады. Осы сапарында аралаған нысандарына қатысты ой-пікірлерін ортаға салып, моноқалада қолға алынып жатқан өндірістік жобаларға қолдау білдіретінін жеткізді.

Облыс әкімінің айтуынша, алдағы уақытта Текелінің тозығы жеткен жылу трассалары толығымен жаңғыртылатын болады, ол үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлінген.

«Текелі қаласындағы оң серпілістерді көріп риза болдым. Өндірісте, туризмде қолға алынып жатқан жобаларды пысықтап, ары қарай жұмыс істеу керек. Шағын және орта бизнесте жергілікті халықтың 40 пайызға жуығы еңбек ететін облыстағы бірден бір аймақ - Текелі қаласы. Осы бағытты ары қарай жалғастыра беріңіздер», - деді А.Баталов.

Қала басшылығына Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне барынша қолдау көрсетуді, жастардың спорттық, мәдени демалысын ұйымдастыру ісін үздіксіз жүргізуді, мемлекет пен жеке меншік серіктестігі негізінде мектепке дейінгі мекемелер ашу, тағы басқа да тапсырмалар берді.

Жиында денсаулық сақтау саласының өкілдері, жастар мен ардагерлер ұйымдарының мүшелері, кәсіпкерлер сөз алып, ой-пікірлерін ортаға салды.

Соңғы жаңалықтар