А. Дауылбаев халықаралық прокурорлар конференциясына қатысты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры А.Дауылбаев 2014 жылғы 26-27 тамызда Иркутск қаласында өткен «Трансұлттық ұйымдасқан қылмыспен күрестегі прокуратураның ролі: ұлттық тәжірибе және халықаралық ынтымақтастық» атты халықаралық конференция жұмысына қатысты, деп хабарлайды ведомство баспасөз қызметі.
None
None

Форумда заң үстемдігін қамтамасыз етудегі прокурорлардың рөліне қатысты мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, адам саудасы, заңсыз миграция, заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға қарсы күрес, сонымен қатар есірткі және псиохтроптық заттардың заңсыз айналымына қарсы тұрудағы прокурорлық қызметті жетілдіру жолдары туралы сөз қозғалды.

Конференция барысында құқықтық саладағы өзара тиімді ынтымақтастықты күшейту жөнінде және қазіргі әлем қатерлерімен күресте ортақ шешімдер қарастыру бойынша ауқымды талқылау жасалынып, осы мәселеге әр түрлі инновациялық тәсілдерді тарту жайы қарастырылды.

Ресейдің Бас прокуроры Юрий Чайкамен кездесу барысында Асхат Дауылбаев күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша екі ел ведомстволарының ұстанымдарында ортақ көзқарастардың аз еместігін атап өтті. Тараптар трансұлттық ұйымдасқан қылмыспен, терроризм және экстремизммен, кибер қылмыспен күресу және т.б. мәселелер бойынша пікір алмасты. Әріптестердің айтуынша, аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі қазіргі кездегі стратегиялық міндеттер тұрғысынан алғанда жаһандық қауіп-қатерлерге қарсы тұруда әрі қарай күш жұмылдырудың өзектілігі арта түсуде.

Сондай-ақ форум аясында Беларусь, Венгрия, Моңғолия, Тәжікстан, Швейцария мемлекеттерінің бас прокурорларымен, Қытайдың Жоғарғы Халықтық Прокуратурасы және Сербия делегацияларының басшыларымен екіжақты кездесулер өтті. Оған қоса, Прокурорлардың халықаралық қауымдастығы және Еуропалық прокурорлардың консультативті кеңесі басшыларымен екіжақты кездесулер ұйымдастырылып, олардың барысында өзара ынтымақтастықтың болашағы талқыланды.

Соңғы жаңалықтар