А. Гүл қазақстандық бизнесмендерді Түркия экономикасына инвестиция салуға шақырды
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біз қазақстандық кәсіпкерлердің Түркия экономикасына инвестиция салғанын күтіп отырмыз. Қазақстан бұл өңірдегі барынша қарқынды дамып келе жатқан мемлекет. Сіздер шет елдерге көптеген инвестициялар салдыңыздар. Қазақстан өз отандарыңыз болса, Түркияны да туған жерлеріңіз ретінде қабылдасаңыздар болады. Сіздер Түркияда еш алаңсыз жұмыс істей аласыздар», деді А. Гүл бүгін Астанадағы қазақ-түрік бизнес форумында сөйлеген сөзінде.
Оның сөзіне қарағанда, Түркияның экономикасы Еуропада алтыншы орынды алады. Түркия әлемдік дағдарыстың кезінде де экспорт жағынан жақсы көрсеткіштерге жетті. «Біз өнімдерімізді экспорттайтын ғана емес, сонымен бірге көп көлемде тауарларды импорттайтын елміз. Сондықтан да ынтымақтастық үшін ауқымды сауда-экономикалық әлеует бар», деді ол.
А. Гүл Түркияда жергілікті және шетелдік кәсіпкерлер арасында айырмашылықтар жоғын атап көрсетті. «Оның үстіне, біз қазақ бауырларымызға ешқашан да шетелдіктер ретінде қараған емеспіз. Сіз түріксіз бе, қазақсыз ба, арабсыз ба, орыссыз ба, жоқ басқа ұлттың өкілісіз бе, оған ешкім қарамайды. Ең бастысы біз жұмысты жақсы, мұқият істегенге, нақты бір нәтижелердің болғанына қараймыз», деді Түркия басшысы.