Ә.Құсайынов эстондық бизнесмендерді көлік саласындағы қарым-қатынасты белсенді дамытуға шақырды
Ол бұл ұсынысты бүгін елорда өткен «Бүгінгі және ертеңгі іскерлік мүмкіндіктер» атты Қазақстан-эстон бизнес форумында жасады.
«Қазіргі таңда Эстониямен арадағы сауда-экономикалық қарым-қатынас дұрыс жолға қойылған. Дағдарыс кезеңінен кейін, 2010 жылы біз алғаш рет теміржол көлігімен тасымалданатын жүк көлемін 30 пайызға арттырдық. Ағымдағы жылдың басынан бері 1 миллион тонна жүк тасымалданды», - деді ол.
Ә.Құсайыновтың атап өтуінше, эстон тарабы үшін тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүмкіндік мол. Өйткені Қазақстан аумақтарында баға біріздендірілетін кедендік одаққа мүше болып отыр. Сонымен қатар авиациялық көлік саласындағы ынтымақтастықты дамыту қажеттігі туындап отырғандығын баса айтқан ол екі ел арасында бұл бағытта да тығыз ынтымақтастықта болу жөніндегі келісім бар екендігін тілге тиек етті.
Сондай-ақ Эстонияда теңіз көлігі саласының даму қарқыны жоғары екендігін баса айтқан Ә.Құсайынов: «Қазіргі таңда Қазақстанда су көлігі мамандары жетіспейді. Біз бұл бағытта бірлесіп ынтымақтастық орната алар едік», - деді.