А.Мырзахметов облыстың бренді ретінде қақталған қауын өнімін ЕХРО-2017 көрмесіне шығаруды ұсынды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен кеше арнайы жиын өтіп, онда өңір нарығын отандық тұтыну тауарларымен қамту мәселесі талқыланды.

Мәжіліске тиісті сала басшылары мен өндіріс орындарының жетекшілері, кәсіпкерлер палатасы облыстық филиалының өкілдері қатысты. Жиында «Шымкент» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы жүргізген талдаулардың таныстырылымы болды. Жасалған зерттеулерге сәйкес бүгінде өңір нарығы 5,5 трлн. теңгені құрап, оның 29 пайызын азық-түлік тауарлары саудасы құраса, қалғаны бұл санатқа жатпайтын сауда-саттыққа тиесілі. Азық-түлік тауарларының өндірісі мен тұтыну көлемін айқындаған сарапшылар, бұл бағытта облыс аудан, қалаларында тамақ өнеркәсібі саласына керек жобалар тізбесін де жасақтаған. Тамақ өнеркәсібі саласын дамыту бағытында әзірленген бұл жобада әр аймақтың табиғи-климаттық ерекшеліктері мен қажетті шикізат өндіру мүмкіндіктері ескерілген. Жасалған іс-шаралар жоспарына сәйкес өңірде 215 жобаны іске асыру жоспарлануда. Яғни, әр ауданда 15 жобадан қолға алынбақшы. Алдын ала жасалған болжамдарға сәйкес осы кәсіпорындарда 10 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары құрылмақ. Жобалар тамақ өнеркәсібімен қатар құрылыс өнімдерін де өндіруге бағытталған.

Талдау нәтижелерін сарапқа салған өңір басшысы басты міндет - импорттық тәуелділіктен арылу екендігін назарға алып, азық-түлік тауарларын өндіруде отандық кәсіпорындардың өндірістік қуаттылығын тереңінен талдап, шығаратын тауар ассортименттерін айқындау және дайын өнімді сату нарығын белгілеуде атқарылатын жұмыстарды атқаруды тапсырды. Сүт, ет өңдеу кәсіпорындарының жұмысын жетілдіру бағытында дұрыс логистика жүйесін қалыптастыруды міндеттеді. Оңтүстік Қазақстан облысы еліміздегі аграрлық шаруашылығы өркендеген өңірлердің бірі екендігіне көңіл бөлген облыс әкімі ішкі нарықты ауыл шаруашылығы өнімдерімен жыл бойы қамту өзекті міндет деп белгіледі. Осы орайда ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтайтын қоймаларды заманауи талаптарға сәйкестендіріп, өнімдерді жыл бойы сақтауға және қажетті логистиканы дамытуға жағдай жасау керек деді. Ішкі нарықты қажетті өнімдермен жыл бойы қамтып отырған шаруаларға мемлекеттік қолдау шараларын қарастыруды тапсырды.

Сондай-ақ өңір басшысы облыстың бренді ретінде қақталған қауын өнімін ЕХРО-2017 көрмесіне шығаруды ұсынып, осы бағыттағы жұмыстарды атқаруды жүктеді, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Соңғы жаңалықтар
telegram