А.Сәрінжіпов: Қазақстанда таяу жылдары мектеп оқушыларының саны арта бастайды
АСТАНА. 29 қазан. ҚазАқпарат - Қазақстанда таяу жылдары мектеп оқушыларының саны арта бастайды. Бұл туралы бүгін 2014-2016 жылдарға арналған ҚР-дың білім және ғылым саласы дамуының басым бағыттары талқыланған Үкімет отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов мәлім етті.
«Адам капиталының дамуы елімізге келешекте ғылыммен тығыз ұштасқан экономиканы және бәсекеге қабілеттілікті қалыптастырудың берік іргетасын қалауымызға мүмкіндік береді. Алдағы 3-4 жылдың ішінде білім жүйесінің құрылымдық және мағыналық тұрғыдан дамыған мемлекеттердің деңгейіне жеткізу барысында саяси еркіндік және ресурстар негізінде айқын мақсаттар қойып, оларды нақты жүзеге асыру қажет», - деді ол.
Бұл ретте министр білім беру саласының дамуына кедергі келтіретін бірқатар жүйелі мәселелерді шешу қажеттігін баса айта келе, еліміздегі оқушылар санына қатысты статистикалық деректерге тоқталды. «Статистика мәліметтеріне сәйкес туу 2020 жылға қарай тұрақталады. Сәйкесінше, тұрақтанғаннан кейін 2025 жылға қарай мектепке дейінгі білім беру және бастапқы мектеп оқушыларының саны артады. Орта білімге қатысты айтар болсам, онда 11-15 жас аралығындағы балалар тобы қазіргі уақытта төменгі нүктеде тұр және таяу аралықта белсенді өсім көрсете бастайды. Қазіргі уақытта кәсіби техникалық және жоғары білім саласында құлдырау байқалады. Бұл 1990 жылдардағы демографиялық ахуалдың төмендеуімен байланысты жайт. Бұл құлдырау шамамен 2020 жылға дейін жалғасады. Ал одан кейін жоғары және кәсіби техникалық білім беру салаларындағы балалар саны күрт өсе бастайды», - деді ол.