Ә. Жақсыбеков пен Ч. Хейгел қорғаныс саласындағы екіжақты ынтымақтастықты талқылады

Екі жақты кездесу кезінде Қазақстан мен АҚШ қорғаныс ведомстволарының басшылары әскери және әскери-техникалық ынтымақтастықтың бүгінгі жағдайы мен келешектегі дамуын талқылады.
«Америка Құрама Штаттары Қазақстан үшін стратегиялық серіктес болып саналады. Қазақстан мен АҚШ көшбасшылары арасындағы жүйелі кездесулер, сондай-ақ бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту мәселелері бойынша жалпы түсінушілік біздің елдер арасындағы қарым-қатынастың тереңдей түсуіне ықпал етеді. Ынтымақтастықтың маңызды аспектілерінің бірі - әскери саладағы өзара іс-қимыл болып саналады»,- деді Әділбек Жақсыбеков.
Қазіргі кезде Қазақстан мен АҚШ қорғаныс ынтымақтастығы ұзақ мерзімді сипат алған және бесжылдық жоспарлау негізінде жүргізіледі. Қазақстан-американ әскери ынтымақтастығы бітімгерлік пен әскери білім сияқты салада дамуда.
«Біздің елдің Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Қазақстан Ауғанстанға экономикалық және гуманитарлық көмек көрсетуде. Қазақстан Қорғаныс ведомствосы Қазақстанның Ауғанстанға жәрдем беру жөніндегі саясатының жүзеге асырылуына қатысады. Біз аймақтағы басқа да елдерге ықтимал қатерлерге қарсы тұру шеңберінде қорғаныс қабілеті мен қауіпсіздігінің артуына қолдау көрсетеміз», -деді ҚР Қорғаныс министрі.
Өз кезегінде АҚШ Қорғаныс министрі Чарльз Хейгель Қазақстанның Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыруға қосып отырған зор үлесін атап өтті. Ол сондай-ақ Қазақстан Қарулы Күштерімен ынтымақтастықты кадрлар даярлау, бірлескен жаттығулар өткізу, сондай-ақ қорғаныс-өнеркәсіп кешені саласында жалғастыруға мүдделі екендіктерін айтты.
Екі ел қорғаныс ведомстволарының басшылары әскери-техникалық ынтымақтастық, оның ішінде қорғаныс-өнеркәсібі саласындағы қарым-қатынасты дамыту мәселелерін де талқылады.
Өз кезегінде Қазақстан Қорғаныс министрі АҚШ-тың Қорғаныс министрлігі мен қорғаныс-өнеркәсібі кешендерінің өкілдерін «KADEX-2014» халықаралық қару-жарақ және әскери мүлік көрмесіне қатысуға шақырды.
Қазақстан мен Америка Құрама Штаттарының Қорғаныс министрлері Әділбек Жақсыбеков пен Чарльз Хейгелдің кездесуі конструктивті және әріптестік үнқатысу жағдайында өтті. Екі ел қорғаныс ведомстволарының басшылары бесжылдық жоспардың мақсаттарын жүзеге асыру уақыттарын белгілеп, осы сапар қазақ-американ әскери ынтымақтастығына қосымша қарқын беріп, қорғаныс саласындағы өзара іс-қимылды тиімді дамытуға әсер ететініне сенім білдірді. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.