Ә. Жақсыбеков пен Дж. Пизапиа Астана мен Милан арасындағы өзара түсіністік Меморандумына қол қойды

Бүгін Астана әкімі жұмыс сапары аясында Милан қаласының мэрі Джулиано Пизапиамен және Мәскеу мэрі Сергей Собянинмен екі жақты кездесулер өткізді.
Ә. Жақсыбеков пен С. Собянин ЭКСПО көрмесіндегі қазақстандық павильонды аралап, 2017 жылы өтетін қазақстандық көрме аясындағы серіктестік мәселелерін талқылады. Атап өту керек, 23 қазан күні Мәскеу мэрі Астанаға келеді деп күтілуде, сапар аясында тараптар Қазақстан мен Ресей астаналары арасындағы екі жақты өзара ынтымақтастық сұрақтарын талқылайды.
Милан мэрі Джулиано Пизапиамен кездесу кезінде Астана әкімі қонақжайлылық үшін алғыс білдіре отырып, ЭКСПО көрмесін сәтті өткізулерімен құттықтады. Милан мэрі өз кезегінде қазақстандық павильонның танымалдығын айтып, «Болашақ энергиясы» тақырыбына арналған Астанадағы көрме барлық адамзат үшін маңызды оқиғаға айналатына сенім білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша қала басшылары Астана мен Милан қалалары арасындағы өзара түсіністік Меморандумына қол қойды. Меморандум аясында тараптар түрлі салалар бойынша тәжірибе алмасуға, соның ішінде - қалалық жоспарлау, «ақылды» қалалар мен инновацияларды дамыту саясаты, туристік және мәдени байланыстары дамыту бойынша серіктестікті дамытуға келісті.
Астана қаласының әкімі Ә. Жақсыбеков пен Милан мэрі Джулиано Пизапиа өзара бірлескен шаралар сериясын жалғастыру туралы уағдаласты. Қала басшылары ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесі мен материалды және материалды емес құндылықтарды үстемелеу, сонымен қатар, ЭКСПО аясында волонтерлерді даялайтын ортақ жастар лагерін құруға ерекше назар аударды.
Бүгін Мэрлер Саммиті аясында қалалық азық-түлік саясатының Миландық Конвенциясына қол қою Рәсімі өтеді. Конвенцияға әлемнің жүзден аса қалалары, соның ішінде Астана қаласы да қол қояды.