АӘК тағайындаудың жаңа тәртібі бекітілді: кімдердің төлемі тоқтатылады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау және төлеу қағидаларына өзгерістер енгізілді. Жаңа тәртіп 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.
Атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) жан басына шаққандағы орташа табысы өз өңірінде белгіленген кедейлік шегінен аспайтын азаматтар мен отбасыларға беріледі. АӘК-нің шартсыз және шартты ақшалай көмек түрлері бар.
Жаңа тәртіп бойынша қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл және ауылдық округ әкімдері тұрмысы төмен азаматтарды анықтайды.
Түсіндіру жұмыстары жүргізілгеннен кейін азаматтар атаулы әлеуметтік көмек алуға өтінішті тиісті мекеме, электрондық үкімет порталы немесе ұялы телефон арқылы бере алады. Өтініш берген кезде жеке куәлік немесе қандас куәлігі қажет. Құжаттардың электрондық нұсқасын да пайдалануға болады.
АӘК алуға үміткер азаматтар мен отбасылар жеке деректерін жинауға, өңдеуге, тексеруге, жаңартуға және басқа мекемелерге беруге келісім беруі тиіс. Бұл талап банк құпиясына және заңмен қорғалатын өзге де мәліметтерге қатысты. Сондай-ақ азаматтар мемлекеттік қатысуы бар кредиттік бюродан несие қарызының мөлшері, ай сайынғы төлемдері мен мерзімі өткен берешегі туралы мәлімет алуға келісім беруі тиіс.
Егер отбасында бірге тұратын, еңбекке жарамды әрі жұмыспен қамту шараларына қатысуы көзделген азаматтар болса, олардың жұмыс іздеуші ретінде тіркелуіне арналған өтініш те қоса беріледі.
Ал 16 жасқа толмаған адамның еңбек етуіне ата-анасының бірі немесе заңды өкілі жазбаша келісім беруі қажет. Мұндай өтініш еркін түрде жазылады.
Атаулы әлеуметтік көмек қалай тағайындалады
Жаңа тәртіп бойынша азаматтар АӘК алуға электрондық үкімет порталы арқылы өтініш бере алады. Сонымен қатар көмекті жеке өтінішсіз, автоматты түрде тағайындау мүмкіндігі қарастырылған.
Ол үшін отбасы учаскелік комиссияның материалдық жағдайын тексеруіне келісім беруі керек. Осы келісім алынған күн атаулы әлеуметтік көмекке жүгінген күн болып есептеледі.
Төтенше жағдай кезінде АӘК алып жүрген азаматтарға төлем автоматты түрде келесі тоқсанға ұзартылады. Бұл үшін қайта өтініш берудің қажеті жоқ.
Өтінішті тексеру барысында құжаттардан қате немесе сәйкессіздік анықталса, олар цифрлық күту парағы арқылы қабылданып, мемлекеттік қызмет көрсету уақытша тоқтатылады. Азаматқа кемшіліктерді түзету үшін бес жұмыс күні беріледі. Егер ол осы мерзімде қажетті мәліметтерді толықтырса, өтініш алғаш тапсырылған күні қабылданған болып есептеледі.
Қажетті мәліметтер жиналғаннан кейін мансап орталығы үш жұмыс күні ішінде азаматқа қандай көмек берілетінін анықтап, отбасының табысын есептейді. Есептеу кезінде өтініш берілген тоқсанның алдындағы үш айдағы жиынтық табыс ескеріледі.
Атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері өңірдегі кедейлік шегі мен отбасының жан басына шаққандағы орташа табысының айырмасы негізінде есептеледі. Бұл айырма отбасының әр мүшесіне жеке есептеледі.
Бұдан бөлек, АӘК тағайындалған кезеңде бір жастан алты жасқа дейінгі балаларға ай сайын қосымша төлем беріледі. Оның мөлшері әр балаға 1,5 айлық есептік көрсеткішті (АЕК) құрайды.
Жергілікті атқарушы органдарға өңірдің ерекшелігін ескере отырып, үйдегі мал, құс және жер телімін табыс әкелмейтін мүлік қатарына жатқызу мәселесін шешу құқығы беріледі.
Көмек алушыларға қандай міндеттер жүктеледі
Шартты ақшалай көмек тағайындалған жағдайда мансап орталығы отбасындағы жұмыссыз, еңбекке жарамды азаматтардың санын анықтайды. Оларды жұмыс іздеуші ретінде тіркеп, қажетті құжаттарды халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі комиссияның қарауына жібереді.
Учаскелік комиссияның қорытындысы алынғаннан кейін мансап орталығы үш жұмыс күні ішінде жеке жоспар әзірлейді. Онда азаматты жұмыспен қамту және әлеуметтік бейімдеу шаралары көрсетіледі. Осы жоспар негізінде көмек алушымен әлеуметтік келісімшарт жасалады.
Әлеуметтік келісімшарт шартты ақшалай көмек тағайындалған бүкіл кезеңге жасалады. Құжатта екі тараптың міндеттері, жұмыспен қамту және әлеуметтік бейімдеу шараларына қатысу тәртібі, сондай-ақ келісім талаптары орындалмаған жағдайда қолданылатын шаралар жазылады.
Шартты ақшалай көмек табысы төмен, еңбекке жарамды жалғызбасты немесе жеке тұратын азаматтарға, сондай-ақ құрамында еңбекке жарамды мүшесі бар тұрмысы төмен отбасыларға ай сайын төленеді.
Бұл көмек өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнаулы салық режимін қолданатын азаматтарға да берілуі мүмкін. Ол үшін олар жұмыспен қамту немесе әлеуметтік бейімдеу шараларына қатысуы тиіс.
Шартты ақшалай көмек өтініш берілген айдан бастап сол тоқсанның соңына дейін тағайындалады және ай сайын төленеді.
Қандай жағдайда атаулы әлеуметтік көмек тоқтатылады
Жаңа өзгерістерде атаулы әлеуметтік көмек төлеуді тоқтатуға негіз болатын жағдайлар да нақтыланған.
Атап айтқанда, мынадай жағдайларда төлем тоқтатылады:
— өтініш беруші қайтыс болса;
— азамат тұрақты тұру үшін республикалық немесе облыстық маңызы бар басқа қалаға, өзге ауданға не Қазақстаннан тыс жерге көшсе;
— көмек алушы әлеуметтік келісімшарт талаптарын немесе жеке жоспарда көрсетілген міндеттерін толық орындамаса, оның ішінде жұмыспен қамту шараларына қатысудан және жұмысқа орналасудан бас тартуына байланысты келісімшарт бұзылса;
— азамат жалған мәлімет немесе шындыққа сәйкес келмейтін құжат ұсынып, соның негізінде атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алса.
Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау және төлеу тәртібіне енгізілген өзгерістер 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Айта кетейік, бұған дейін АӘК тағайындалғанда азаматтардың кредиті мен депозиті ескерілетіні хабарланды.