А.Балаева: «Қазақфильм» ұлттық киноны қолдау орталығының қаражатына қол жаймайтын болады
АСТАНА. KAZINFORM – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Казахстанская правда» газетіне берген сұхбатында «Қазақфильмнің» болашағы туралы пікір білдірді.

- Өкінішке қарай, «Қазақфильм» киностудиясы мемлекеттен тікелей қаржы алмайтындықтан, қазіргі жағдайы жақсы деп айтуға келмей тұр. «Қазақфильмнің» басшылығы Президентпен кездескенде бірқатар проблеманы айтқан болатын. Мемлекет басшысы сол проблемаларға байланысты нақты тапсырмалар берді. Осыдан кейін ойын ережесі өзгерді деуге болады – кино идеологияға жұмыс істеу керек, - дейді А.Балаева.
Министр Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы бөлетін қаражатқа «Қазақфильм» қол жаймайтындай жағдай жасау жоспарда бар екенін айтады. «Қазақфильм» жекеменшік студиялардың қазанына ортақтаспау үшін мемлекеттік тапсырыс аясында ғана жұмыс істейтін болады.
- «Қазақфильм» киностудиясын қолдау үшін «Кинематография туралы» ҚР Заңына түзету енгізіледі. Сол үшін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат, қоғамдық даму, мәдениет және мұрағат ісі салаларындағы нормалардың шамадан тыс заңнамалық реттеуді болдырмау мәселелері жөніндегі өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы Сенаттың қарауында жатыр, - деді Мәдениет және ақпарат министрі.
Оның айтуынша, «Еуразия» халықаралық кинофестивалін ұйымдастыру құқығы «Қазақфильмге» қайтарылған. Енді Алматы қаласының әкімдігі алып қойған 5,5 гектар жер телімін ұлттық кино студиясына қайтару мәселесі пысықталып жатқан көрінеді.