Абайға 180 жыл: Мерейтой аясында 100-ден астам ауқымды іс-шара өтеді

СЕМЕЙ. KAZINFORM — Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған халықаралық, республикалық және өңірлік деңгейдегі 100-ден астам ауқымды іс-шараны қамтитын кешенді жоспар бекітілді. Бұл туралы Абай облысының ӨКҚ алаңында өткен брифингте облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Жанжігіт Омархан мәлімдеді.

Абай облысының әкімдігі
Фото: Абай облысының әкімдігі

Басқарма басшысының айтуынша, ауқымды бағдарлама 1 тамыз күні «ABAY ACADEMIYASY» энциклопедиялық порталының таныстырылымымен басталады. Бұл цифрлық платформа ақын мұрасын жүйелеу және ғылыми ортаға қолжетімді етуге бағытталған. Сол күні Мақаншы ауылындағы Алакөл жағасында Қазақстанның халық әртісі Секен Тұрысбеков пен «Ақ жауын» оркестрінің концерті өтсе, Семей қаласындағы Арбат алаңында иллюстратор Аңсаған Мұстафаның көрмесі ашылып, «Асыл мұра» облыстық қолөнер фестивалі ұйымдастырылады.

1-6 тамыз аралығында Абай шығармашылығына арналған концерттер, көрмелер мен театрландырылған қойылымдар өткізіледі. Қазақстанның халық әртісі Майра Ильясованың гастрольдік концерті Семейден басталып, Үржар, Аягөз, Жарма және Жаңасемей аудандарында жалғасады.

Абай облысының әкімдігі
Фото: Абай облысының әкімдігі

3 тамызда Абай театрында «Абай әлемі» рухани кеші, 4 тамызда Секен Тұрысбеков пен «Ақ жауын» оркестрінің қорытынды концерті өтеді. 5 тамызда «Ой толғау – Хәкім Абай» монооперасы сахналанса, 6 тамызда Абай алаңында «Абай елі – өнер кеніші» атты концерт және Әлихан Бөкейхан атындағы университетте «Өлең сөздің патшасы» жас ақындар мүшәйрасы өтпек.

7-9 тамыз аралығында ғылыми-танымдық және әдеби-мәдени бағыттағы іс-шаралар ұйымдастырылады. Атап айтқанда, 7 тамызда жазушы Асқар Алтайдың шығармашылық кеші өтеді, онда «Абай жолы» энциклопедиясы мен Бағашар Тұрсынбайдың «Абай Құнанбайұлы кім?» кітабының тұсаукесері жоспарланған. 8 тамызда Семейде «Адамзаттың Абайы» республикалық ақындар айтысы мен Абай ауданында «Жеті қазына» ұлттық байқауының ашылуы өтеді. 9 тамызда Шәкәрім университетінде халықаралық ғылыми конференция, «Жидебай–Бөрілі» музейінде көрме, Абай кітапханасында кітаптар топтамасының тұсаукесері және 15 елдің қатысуымен халықаралық ақындар фестивалі ұйымдастырылады. Сол күні кешкісін орталық алаңда «Абайға тарту» атты концерт өтеді.

10 тамыз — Абай күні. Бұл күні Жидебайда Құран бағышталып, құрбандық шалу рәсімі өтеді.

Сондай-ақ еліміздің барлық өңірінде Абай ескерткішіне гүл қою рәсімдері ұйымдастырылады.

Айта кетейік, мерейтойға орай Маңғыстау облысы Семейге Достық үйін салып бермек.

Соңғы жаңалықтар