Абай облысының театрлары екі бірдей халықаралық байқауда топ жарды
СЕМЕЙ. KAZINFORM — Абай атындағы театр құрамында бүгінде үш бірдей ұжым (Абай атындағы қазақ музыкалық драма театры, Ф.М.Достоевский атындағы орыс драма театры, «Дариға-ай» жастар театры) бар. Мұны Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Семейде бір ғимаратта үш бірдей театр сығылысып отыр. Әсіресе, аймақтарда театрларды салуға және дамытуға баса назар аудару керек» деп атап өткен болатын.

Осыған қарамастан театр ұжымдары биік деңгейде өнер көрсетіп, жоғары жетістіктерге қол жеткізуде. 12-16 қыркүйек аралығында Ұлытау облысы Жезқазған қаласында өткен Ж.Хаджиев атындағы IV халықаралық театр фестивалінде Абай атындағы қазақ музыкалық драма театрының құрамындағы «Дариға-ай» жастар театры табысты өнер көрсетіп, Оралхан Бөкейдің «Өз отыңды өшірме» спектаклімен бас жүлде және «Үздік спектакль» номинациясына ие болды.

Бұл жеңіс – жас ұжымның кәсіби шеберлігінің, тынымсыз еңбегінің және өнерге деген адалдығының жарқын дәлелі.

Ал кеше Талдықорған қаласында өтіп жатқан «БИКЕН FEST» III халықаралық театр фестивалінде Абай атындағы қазақ музыкалық драма театры сахналаған «Абай айтқан «Еңлік – Кебек» спектаклі бас жүлдені жеңіп алды.

Бүгінде театрда 7 Мәдениет қайраткері, 17 Мәдениет саласының үздігі төсбелгісімен марапатталған, жиыны 66 қызметкер еңбек етіп келеді. Абай атындағы театр биылғы 8 айда 22 қойылым қойды, оның екеуі премьера.