Абай күні: мерекелік концертте 15-тен аса бала жоғалған

АСТАНА. KAZINFORM — Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған мерекелік концерт өтіп жатқан Қарауыл ауылында 20 мыңнан астам облыс тұрғындары мен қонақтары, оның ішінде шетелдік туристер жиналды.

көлік
Фото: Абай облысы ПД

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, адамдар көп шоғырланған жағдайда полиция қызметкерлері қызмет атқарудың күшейтілген режиміне көшті. Ерекше назар кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігіне аударылды.

полиция
Фото: Абай облысы ПД

— Бір ғана кештің ішінде 15-тен астам бала жоғалу дерегі тіркелді. Олардың барлығы дер кезінде табылып, ата-аналарына аман-есен тапсырылды. Балаларды жедел іздестіру мақсатында полиция қызметкерлері оқиға орнынан тікелей эфирге шығып, олардың бейнелері концерт сахнасының үлкен экранында көрсетілді. Бұл ата-аналарға балаларын бірден танып, оларға жетуіне мүмкіндік берді, — делінген облыстық ПД таратқан ақпаратта.

Абай облысы: полиция күшейтілген режимде 20 мыңнан астам азаматтың қауіпсіздігін қамтамасыз етті
Фото: Абай облысы ПД

Патрульдік полиция батальоны мерекелік іс-шара өтетін орынға кіреберіс жолдардағы жағдайды бақылап, автокөліктердің ретсіз қозғалысына жол бермей, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жатыр.

— Күшейтілген режимдегі жұмыс жалғасып жатыр, — деп атап өтті Абай облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ернар Базаров.

Осыған дейін Абай облысында «Абай күні» мерекесі басталғанын жазған едік.

Абай облысының әкімі Берік Уәли Абай ауданы Қарауыл ауылына жиналған халықты «Абай күні» мерекесімен құттықтады.

Абайдың 180 жылдығына арналған онкүндік мерейтойлық шаралардың соңғы күні дәл қазір ақынның туған жері — Абай ауданында өтіп жатыр. Сол тойдың кей сәттерін Kazinform тілшісі назарларыңызға ұсынады.

Соңғы жаңалықтар