Абай мұрасы Қытайда

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұраларының Қытайда таралуы, аударылуы, насихатталуы және зерттелуі туралы сөз болғанда, мәселені екі кеңістікке – қазақтілді және қытайтілді аудитория аясында бөліп қарастырған жөн. Қазақтілді кеңістікте біз қарастырғалы отырған мәселе көбінесе рухани-мәдени өмір мен әдеби дәстүрдің сабақтастығы ретінде көзге түсті. Абай мұралары, күмән жоқ, Қытайдағы қазақ халқының әлеуметтік-мәдени өмірінің қалыптасуы мен өркендеуіне жан-жақты, игі ықпал етті. Ал қытайтілді кеңістікте бұл үрдіс ұлттық әдебиеттер арасындағы өзара ықпалдастық, мәдени алмасу, Абай көкжиегінің кеңеюі түрінде дамыды.

Абай мұрасы Қытайда
Коллаж: Kazinform/Canva/gov.kz

Абай мұрасы және Қытайдағы қазақтар

Тағдырдың жазуымен екіге жарылып, арғы бет пен бергі бет аталғанмен, рухани еншісі бөлінбеген, ата жұрттағы ағайынмен тілеуі бір, дәстүрі ортақ, мәдениеті бірдей Қытайдағы қазақтарға Абай есімі ертеден таныс, жақын, қымбат. Кеңестік қудалаудан бас сауғалап, Алтайдың күнгей бетінен пана, сая тапқан Зият Шәкәрімұлының «Ризық болды маған ата даңқы, құрметтеу жақсыларды елдің салты. Абай мен Шәкәрімді көрмесе де, оларды қадірлейді керей халқы» деп толғауында үлкен мән бар.

Абай мұралары Алтайдан Боғдаға, Іледен Баркөлге дейінгі байтақ кеңістікті мекен еткен қазақ ауылдарына ауызша және қолжазба түрінде тарай бастайды. Абай шығармаларын елге насихаттауға Әсет Найманбайұлы, Жүсіпбекқожа Шайхисламұлы, Арғынбек Апашбайұлы сынды өнер дүлдүлдері ерекше еңбек етті. Мысалы, белгілі абайтанушы Қабайдың пікірінше, әнші, сазгер, ақын, Абай мектебінің адал шәкірті Әсет Қытайдағы қазақтар қоныстанған аймақтарды түгелге жуық аралап, арғы беттегі алаш жұртын Абай сөзімен сусындатып, хакім мұраларының кең таралуына мұрындық болады.

Абай өнегесі Қытайдағы қазақ жазба әдебиетінің қалыптасуы мен дамуына айрықша ықпал етеді. Арғы беттегі қолына қалам ұстаған қазақ зиялыларының ішінде Абайға сыйынбағаны, Абайды ұстаз тұтпағаны, Абайға еліктемегені кемде-кем. Бұл қатарда есімі күллі қазаққа белгілі Ақыт Үлімжіұлы, Таңжарық Жолдыұлы, Мағаз Разданұлы сынды қадау-қадау тұлғаларды айтсақ та жеткілікті. Хакім Абайдың Қызылордадағы Қазақстан баспасында 1934 жылы басылып шыққан толық жинағы шамамен сол жылдың аяғына қарай немесе 1935 жылдың басында ғұлама ақын, дін қайраткері Ақыт қажы Үлімжіұлы Қарымсақовтың қолына тиеді. Абай шығармаларымен терең танысу Ақыт шығармашылығына жаңа тыныс, жаңа леп, бетбұрыс пен серпін әкеледі, ендігі жерде ол Абай мектебінің өнегесін жалғастырушы ретінде көзге түседі. Ақыт қажы Абай еңбектерінің насихатшысы ғана емес, белгілі деңгейде, қазақтың алғашқы абайтанушыларының бірі бола білді, бұған оның қаламынан туған «Дәлейлул-ғақылия» еңбегі куә.

Ақыт Үлімжіұлы
Фото: ашық деректерден

 

Осы еңбегінің ең басына ол: «Қазақ ұлтының керей елінен шыққан мен әлсіз, пақыр пенде – қажы және қазы Ақыт Үлімжіұлы мүміндердің көңіл көзін ашуды, оларды опық жеуден сақтандыруды... ниет етіп, марқұм Абай Құнанбай қажы ұлының кітабынан өрнек алып, осы ғақлиялық, нақылдық үндеулер кітабын жаздым. Абай адамның жуырда есіне түспейтін сөздерді тауып, соны өрнектеген екен. Мен де сондай есіме түсе қалған сөздерді кіргіздім. Абай өлеңдерінің үзіндісін басына алып, күрделі лебіздерін шештім, мақсатым ел-жұртқа тағылым болса», - деп жазады.

Ақын ұрпағы, «Құранды» қазақ тілінде сөйлеткен ғұлама Ғазез қажы Ақытұлының еске алуынша, Ақыт қажы бірде баласы Қалманмен әңгіме үстінде оған:

«Абай өлеңін атүсті оқып кеткен адам оңай-оспақ түсіне қоймайды. Бұл Абай өлеңінің ойлылығы, мәнінің тереңдігінен. Абай өлеңі оқырманды сынайды әрі тәрбиелейді. Абайды Россиядағы қазақтар танып білсе де, осы жақтың қазақтары әлі жете тани қойған жоқ. Бұлардың бірталайы мені біледі. Сондықтан Абайды алдымен мен тануым керек және Абай менің аузым арқылы таныстырылуы керек. Құранға неге тәпсір жазылады? Хадиске неге шархы жазылады? Мақсат жаңғырту, түсіндіру арқылы ғауам халыққа таныстыру емес пе?» - дейді.

Міне осыдан-ақ Үлімжіұлының Абайға жай еліктемегенін, шығыс әдебиетінде ежелден бар назиралық дәстүрді берік ұстанып, хакімнің асқар деңгейіне қол созып, жүрегінің түбіне терең бойлауды, күрделі лебіздерін шешіп, кемеңгерлік болмысын тану мен танытуды мақсат тұтқанын көреміз.

Абайдың 1909 жылы Санкт-Петербургте басылып шыққан алғашқы жинағы араға көп уақыт салмай арғы бетке де жетіп үлгерген. Бұған дәлел, Қытайдағы қазақ баспасөзінің қалыптасуының басы-қасында болған қаламгер, қоғам қайраткері Асқар Татанайұлы 1915 жылы молдадан білім алып жүргенде Абайдың баспадан шыққан өлеңдер жинағын ағаларының қолынан көріп, оқығанын еске алады.

Баспасөз демекші, Алашорда және кеңестік қазақ баспасөзінің тікелей әсерімен 1930 жылдардан кейін Қытайда қазақ тілінде мерзімді басылымдар жарыққа шығады. Ендігі жерде Абай мұралары мерзімді басылым арқылы, Әсеттің сөзімен айтқанда, «айналаға тағылым жаюдың» жаңа мүмкіндігіне ие болады. Белгілі тарихшы-ғалым, Қытайдағы саяси қуғын-сүргіннің құрбаны Қабимолда Мәнжібаевтің куәлік беруінше, Шығыс Түркістан өлкесіндегі қазақ зиялыларының басын біріктіруді мақсат тұтқан «Сәуле» атты құпия ұйымның бастамасымен «Абай өлеңдері» 1948 жылы Үрімжі қаласында баспадан шығады. Бұл мағлұматты белгілі қоғам қайраткері, журналист Қасен Оралтай да «Елім-айлап өткен өмір» еңбегінде растайды.

«Шынжаң газетінің» ұйғыр тіліндегі нұсқасының 1949 жылғы 25 тамыздағы №193 санында Абайдың дүниеге келгендігінің 104 жылдығына арнап «Абай – қазақ халқының ұлы ақыны» деген көлемді мақалада: «Абайдың толық жинағы 1909 жылы жарық көрді. Кеңес үкіметі орнағаннан кейін, 1921 жылдан бері 5 мәрте қайта басылды. Өлкемізде 1 мәрте басылды», - деп атап көрсетіледі. Демек, «Сәуле» баспасынан шыққан «Абай өлеңдері» ұлы ақынның Қытайда басылған тұңғыш жинағы болғаны күмән тудырмауға тиіс.

Үрімжіде шығатын «Шынжаң әдебиет-искусствосы» (қазіргі «Шұғыла») журналының 1954 жылғы №7 санында Ә. Әділханның «Қазақтың кемеңгері Абай» атты мақаласы басылады. Бұл - Қытайдағы мерзімді басылымда жарық көрген және Абай шығармашылығына арналған алғашқы ғылыми мақала. Журналдың осы санында Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ әдебиетінің өркендеу жолындағы Абайдың тарихи орны» атты мақаласы да басылған. 1955 жылғы №11 санында Мұқтар Әуезовтің «Абай романының жазылу жайынан» атты мақаласы да жарияланды. Осы жылдары ұлы ақынның шығармашылық мұрасы Кеңестер одағы мен ҚХР арасындағы бал жаласқан «достыққа» байланысты арғы беттегі қазақтілді әдеби кеңістікте ұлттың бас ақыны, рухани темір қазығы ретінде кеңінен насихатталады.

Алайда 1950 жылдардың аяғын ала басталып, жиырма жылға созылған саяси қуғын-сүргін мен атышулы науқандар арғы беттегі қазақ баспасөзі мен зиялыларының аяғына тұсау, тіліне күрмеу болды. Ұлттық болмыс мансұқталып, мәдени-рухани сабақтастық терістелген «солақай» жылдарда ұлы ақынның шығармаларын оқуға, насихаттауға қатаң тыйым салынады.

1980 жылы мамыр айында Бейжіңдегі Ұлттар баспасынан «Абай Құнанбайұлы» деген атпен ақын өлеңдерінің жинағы жарық көріп, сірескен сеңнің көбесі сөгіледі. Ізінше, этникалық азшылықтардың классикалық әдебиеті туралы 1983 жылы Үрімжі қаласында өткен ғылыми конференцияда ШҰАР Әдебиет және өнер қызметкерлері қауымдастығы төрағасының орынбасары, ақын, қоғам қайраткері Құрманәлі Оспанұлы Абайдың өмірі мен шығармашылығы жайлы баяндама жасап:

«Абай және оның шығармалары еліміздегі (Қытай) қазақ әдебиетімен етене байланысып, оған тікелей ықпал етті. Абай еліміздегі қазақ әдебиетінің тарихынан ойып орын алады деп айта аламыз... Ол шетелде туғанмен, Қытайдағы қазақтардың көңілінде бәрібір өз ақыны болып қала береді», - деп мәлімдейді. Қызыл империялар – Кеңестер одағы мен Қытай арасындағы тоң әлі жібімеген күрделі кезеңде жасалған ерлікке парапар осы мәлімдеме Қытайда Абайды насихаттауға, зерттеуге жол ашады. Ұлы ақынның өлеңдері мен қара сөздері мектеп оқулықтарына еніп, жас буын Абай әлемімен қайта танысады, ақын мұралары туған халқымен қайта қауышады.

1986 жылы Ұлттар баспасы Төкен Әлімқұловтың «Абай», Ханғали Сүйіншәлиевтің «Абайдың қара сөздері» еңбектерін және «Қазақ совет энциклопедиясының» «Абай» ұясын біріктіріп, «Абай қара сөздерін» шығарды. 1987 жылы Қабайдың «Абай және Абайдың шығармалары» монографиясы қазақ тіліне аударылып басылды. 1993 жылы Мұқтар Әуезовтің «Абайтану мәселелері» кітабы Үрімжідегі қаласында төте жазумен қайта басылып, арғы беттегі қазақ әдебиетінде абайтану саласының қалыптасуы мен дамуына серпін, серпіліс берді. 1998 Нұрсұлтан Назарбаевтың «Абай туралы сөз» кітабы Үрімжі қаласында қазақ, қытай, ұйғыр тілдерінде басылып шықты.

1995 жылы ұлы ақынның 150 жылдық мерейтойына орай Үрімжі қаласында «Абай туралы естегілер» (Әбділдәбек Ақыштайұлы құрастырған), «Абай шығармаларына баян» (Әуелқан Қалиұлы құрастырған), Күйтің қаласында «Абай парасаты» сияқты кітаптар басылып шықты. Әсіресе соңғы жинаққа енген мақалалар деректік және ғылыми құндылықтарымен назар аударып, арғы беттегі қазақтілді ғылыми ортаның абайтану бағыты бойынша соған дейін қол жеткен табыстарының айғағы ретінде есте қалды.

Қытайдағы қазақ ғалымдары Абайдың өмірі мен шығармашылығы жайында бірқатар монографиялық еңбек жариялады. Айталық, аудармашы-ғалым Қаһарман Мұқанұлы «Абай Құнанбайұлы», педагог-ғалым Шайытқазы Зейнелғазыұлы «Абайдың психологиялық философиясы», әдебиеттанушы Бұлантай Досжанин «Ұлы ақын – Абай» монографияларын бастырады.

Хакімнің 170 жылдығына орай Ұлттар баспасының «Абайдың қара сөздерін» қазақ, қытай, ұйғыр тілдерінде аудио-кітап түрінде баспадан шығарғанын ауыз толтырып айтуға болады.

Қытайда қазақ тілінде шығатын ғылыми, әдеби басылымдарда Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған ғылыми-танымдық мақалалар мен эсселер үнемі жарияланып тұрды. Шынжаң Қоғамдық ғылымдар академиясы жанынан 1990 жылдан бері шығып келе жатқан «Шынжаң қоғамдық ғылымдары» журналында 2020 жылдың басына дейін абайтану бағытында 20 неше ғылыми жұмыс жарық көріпті. Бұдан тыс жергілікті қазақ тілді әдеби-көркем және танымдық мерзімді басылымдарда ұлы ақын туралы жүзден астам жазба жарияланған екен.

Абай мұрасы Қытайда
Фото: russian.people.com.cn

Қытайтілді аудитория

Кей дереккөзде хакімнің «Біраз сөз қазақтың қайдан шыққаны туралы» атты еңбегінің 1949 жылы қытай тіліне аударылып, «Шынжаң газетінде» жарияланғаны айтылады. Алайда бұл дерек әлі де нақтылауды қажет ететінін атап өткен жөн. Шын мәнінде, қытайтілді аудиторияның Абай мұрасына мойын бұруы Мұхтар Әуезовтың «Народность и реализм Абая» атты ғылыми жұмысының қытай тіліне аударылып, «Көркем аударма» (қазіргі «Әлем әдебиеті») журналының 1955 жылғы №8 санына басылуынан басталады. Айтпақтайын, журналдың осы санында Абайдың «Ескендір» поэмасы Қабайдың аудармасымен жарық көреді.

Абай мұрасының қытайтілді кеңістікке жол тартуы жайлы сөз болғанда, Қабайды ауызға алмау мүмкін емес. Қабай 1928 жылы Қытайдың Тарбағатай өңірінде дүниеге келген. Ұлты – сібе, қытайша аты – Xа Хуаньчжан, сібеше аты – Катури. Қаршадайынан қазақ арасында өскен Катуриді көрші-қолаң Қадырбай, кейінірек Қабай атандырады. 1949 жылы Шынжаң университетіне орыс тілі мамандығы бойынша оқуға түседі. Бірақ, оқуын аяқтауға үлгермей, қоғамдық жұмысқа тартылады. 1973 жылға дейін Қытайдың Күнес және Нылқы аудандарында аудармашы және лауазымды қызметкер болып жұмыс атқарды. 1973 жылдан кейін Ұлттар баспасының қазақ редакциясында және Қытай қоғамдық ғылымдар академиясының Ұлттық азшылықтар әдебиеті институтында жұмыс атқарады.

Қабай күрделі, қым-қуыт саяси тартыстардың бел ортасында жүріп, бала күнінен құлағына сіңген Абай еңбектерін қытай тіліне аудара бастайды. Оның аудармасымен 1958 жылы Қытайдың Халық әдебиеті баспасынан «Абай поэмалары» басылып шығады. Бұл - Абай шығармаларының қытай тіліндегі алғашқы жинағы. Сол жылы «Тяньшань» журналының №8 санында Қабайдың «Қазақтың ұлы ақыны – Абай» деген мақаласы жарық көрді. Бұл Абай туралы қытай тілінде жазылған алғашқы ғылыми жұмыс екенін еске саламыз.

Абай
Фото: douban.com

 

Алайда, сабасынан шыққан саяси науқан Қабайдың да қанатын қайырып, қаламын майырады. Ұзақ жылғы үнсіздіктен кейін, 1982 жылы «Абайдың таңдамалы өлеңдерін», 1984 жылы «Ғақлиясын» (қара сөздер), 1993 жылы «Абай өлеңдерінің толық жинағын» баспадан шығарады. Соңғы жинаққа ұлы ақынның 168 өлеңі, 3 поэмасы, 45 қара сөзі және «Біраз сөз қазақтың қайдан шыққаны туралы» дейтін тарихи зерттеуі кірді. Қабайдың аудармасымен «Абай жолы» эпопеясының алғашқы екі томы 1997 жылы, соңғы екі томы 2004 жылы қытай тілінде жарық көреді.

Қабай Абай мұраларын қытай тіліне аударумен ғана шектелмей, ұлы ақынның еңбектерін зерттеуге, зерделеуге де аянбай ат салысты. Оның «Абай және Абай шығармалары» деген монографиясы 1987 жылы қазақ тілінде, «Абайтану бойынша зерттеулер» атты мақалалар жинағы 1995 жылы қытай тілінде басылып шықты. Бұл жинаққа әр жылдары жазылған «Ақын, ойшыл, демократ», «Абайтану және басқа мәселелер туралы», «Абай және оның өлеңдері», «Абайдың поэзия сыны», «Абайдың аударма өлеңдері», «Абайдың дінге көзқарасы», «Мұхтар және Абайтану», «Абайдан Таңжарыққа дейін», «Абайды толық танып болдық па» сияқты 19 мақала енгізілген. Ол 2016 жылы «Абай қара сөздерінің» жаңа аудармасын, 2019 жылы «Абай және абайтану» атты монографиясын оқырманға ұсынды.

Жинақтап айтқанда, Қабайдың зерттеулерін 4 бағытқа бөліп қарастыруға болады:

  1. Абай шығармаларындағы халықшылдық пен ойшылдық
  2. Абайдың көркем шығармашылығы
  3. Абайдың Қытайдағы қазақ әдебиетінен алар орны
  4. Абайтану ғылымы бойынша ақпараттық сараптамалар.

Абайтану саласында жүйелі зерттеу жүргізген алғашқы қытайтілді ғалым ретінде Қабай хакім Абайдың шығармашылық мұрасын әр қырынан саралап, ұлы ақынның өлеңдеріндегі ұлттық бояу, қазақы болмыс туралы ой толғап, хакімнің ақындығы мен ойшылдығына әділ баға беруге тырысты. Бір көңіл аударарлық жайт, ол - қытайтілді кеңістікте Абайдың аудармалары мен поэзия сыны туралы қалам тартқан алғашқы ғалым. Әсіресе Абайдың поэзия сыны туралы ой-толғамын қытай поэзиясының алтын ғасырында өмірге келген Тан өлеңдеріндегі көркем сынға арналған төрттағандармен салыстыра зерттеп, ұлы ақынның қазақ әдебиетінде «өлең туралы өлеңнің» алғашқы үлгісін көрсеткені жайлы байлам жасауы айрықша назар аударуға тиіс.

Белгілі қытайтілді жазушы Әкбар Мәжитұлы да Абай мұраларын насихаттауға үнемі ат салысып келеді. Ұлы ақынның 150 жылдық мерейтойы қарсаңында Мәжитұлының аударуымен «Абайдың қара сөздерінен үзінділер» әдеби-көркем «Іле айдыны» басылымының қытайша нұсқасында жарық көреді. Көп ұзамай аталған аударманы Қытайдағы таралымы ең көп «Оқырман дайджесті» басылымы көшіріп басады. Сол жылы «Абайдың қара сөздерінің» қазақ және қытай тілдеріндегі қос тілді нұсқасы «Абай ақылиялары» деген атпен Ұлттар баспасынан басылып шығады. Белгілі жазушы, аудармашы Су Чжоусюн орыс тілінен аударған Қара сөздерді Әкбар Мәжитұлы түпнұсқасымен салыстырып, түзету жасайды және түсініктемелер жазады.

Оның қолынан шыққан қара сөздердің аудармасы түпнұсқаға жақындығымен, тілінің шұрайлы, көркемдігімен оқырманның жүрегіне жол табады.

Ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына орай 2020 жылы желтоқсан айында Бейжіңде Әкбар Мәжитұлының аудармасымен «Абай» атты жаңа жинақ жарық көреді. Жинаққа хакімнің 148 өлеңі мен қара сөздері енген.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 4 тамызда қол қойған Жарлыққа сәйкес, Абай Құнанбайұлының мұрасын насихаттауға сіңірген еңбектері үшін Қабай мен Әкбар Мәжитұлына II дәрежелі «Достық» ордендері табысталды

Абай Құнанбайұлының мұрасын насихаттауға сіңірген еңбектері үшін Қабай мен Әкбар Мәжитұлына II дәрежелі «Достық» ордендері табысталды
Фото: Kazinform

Бұдан бөлек, жазушы Су Чжоусюн 1995 жылы «Шыңғыс тауының үш шыңы – Абай, Шәкерім, Мұхтар», аудармашы-ғалым Чжэн Чжэньдун 2003 жылы «Абай – Қазақ даласының темірқазығы» еңбектерін қалың көпшілікке ұсынды.

Ал қытайтілді мерзімді басылымдар мен сайттарда жарияланған ғылыми-танымдық мақалалар мен әдеби-көркем жазбалардың мыңдап саналатынына ашық ресурстарға шолу жасағанда көзіміз жетті. Оның ішінде дипломдық жұмыс пен магистрлік диссертациялар да бар екенін еске салғымыз келеді.

Қытайда Абай мұраларын насихаттауға байланысты қолға алынған игілікті шараның бірі 2014 жылы 19 наурызда Бейжіңдегі «Чаоян» саябағында ақын мүсінінің ашылуы болды. Мүсін авторы Бейжің Цзиньтай көркем өнер музейінің директоры, Қытай өнер академиясының аға ғылыми қызметкері, Ресейдің мемлекеттік өнер ғылымдары академиясының құрметті мүшесі, Қытайға танымал мүсінші Юань Сикунь.

Қытайдағы Абай ескерткіші
Фото: dknews.kz

 

Қытайда ұлы ақынның мерейтойларына байланысты салтанатты іс-шаралармен қатар Абай оқулары да өтіп тұрады. Қытайдағы Қазақстан елшілігі мен Цзиньтай көркем өнер музейінің бастамасымен алғаш рет 2015 жылы шілде айында Бейжіңде тұсауы кесілген Абай оқулары жыл сайын тұрақты түрде өтіп келеді және елдің басқа қалаларына қанат жая бастады.

ҚХР төрағасы Си Цзиньпин 2013 жылы қыркүйек айында Nazarbayev University студенттерімен кездесуінде ұлы ақынның «Дүние – үлкен көл, Заман – соққан жел. Алдыңғы толқын – ағалар, артқы толқын – інілер. Кезекпенен өлінер, баяғыдай көрінер» деген өлең жолдарымен баяндамасын түйіндеген болатын. Биыл наурыз айында өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай институтын құрып, оны серіктес елдерде төл мәдениетімізді насихаттайтын орталыққа айналдыруды тапсырған және Қытай, Түркия, Моңғолия сияқты бірқатар мемлекетте осындай орталықтар ашылатынын мәлімдеген еді. Әлемдік деңгейге көтеріліп, жалпыадамзаттық мән алып үлгерген Абай мұраларының өзара түсіністік пен бауырмашылдықтың арқасында қазақ-қытай достығының алтын қазығы ретінде ұрпақтар игілігі үшін қызмет ете беретініне сенімдіміз.

Соңғы жаңалықтар