Абай мұрасы цифрлық дәуірде кеңінен тарап жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Абай Құнанбайұлының білім мен ғылымға қатысты идеялары қазіргі жоғары білім мен ғылыми жүйеде іске асырылып келеді. Абайдың өлеңдері мен қарасөздеріндегі оқу мен ізденіске үндеген ойлары бүгінгі университеттік білім берудің мазмұны мен бағдарына терең ықпал етеді. Сондықтан цифрлық дәуірде осы ілімді дәріптеуге ерекше мән беріліп отыр.

Абай мұрасы цифрлық дәуірде кеңінен тарап жатыр
Коллаж: Kazinform/ Wikipedia/ Canva

Абайдың идеялары ғылым жүйесінде қалай іске асырылып жатыр? 

- Қазіргі таңда жоғары оқу орындарында Абай ілімін дәріптейтін пәнаралық курстар енгізіліп, гуманитарлық бағыттағы бағдарламаларда ақынның философиялық, этикалық, педагогикалық идеялары кеңінен зерттеліп жатыр. Сонымен қатар, академиялық ортада Абай мұрасын ғылыми тұрғыда тану мен зерделеу мақсатында «Абайтану» бағыты ғылыми зерттеулердің нысанына айналды. Бұл бағытта магистрлік және докторлық диссертациялар қорғалып, Абай еңбектерінің қазіргі педагогика, психология, мәдениеттану және философия ғылымдарымен сабақтастығы дәлелденіп отыр. Осылайша, Абайдың білім мен ғылымды ілгерілетуді көздеген идеялары қазіргі ғылыми-педагогикалық жүйенің рухани және мазмұндық негізіне айналды, - делінген ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі ақпаратында.

2019 жылдың желтоқсан айында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанынан «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен құрылды. «Абай Академиясы» ҒЗИ Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысы негізінде 2021-2024 жылдар аралығында кешенді жобаларды іске асырды. Институт ашылғаннан бері, яғни 5 жылдың ішінде арнайы бағыттағы сериялармен жаңа 90 ғылыми-танымдық зерттеу кітаптарын әзірлеп, жарыққа шығарды. Қазіргі таңға дейін 90 сүбелі еңбектің жарыққа шығаруының өзі абайтану саласындағы ауқымды жұмыстардың ерекшелігі мен көлемін байқатады.

Абай академиясының цифрлық форматтағы қызметі отандық және халықаралық ғылыми қауымдастықтардың бастамалары нәтижесінде жүзеге асырылып келеді. Бұл институттың басты мақсаты – Абай мұрасын заманауи ғылыми әдіснамалармен талдау, жаһандық деңгейде насихаттау және академиялық айналымға енгізу. Институтының ресми сайтында Абай шығармаларының нұсқалары, аудармалары, заманауи зерттеулер, ғылыми мақалалар мен бейнематериалдар орналастырылған.

Абайтанушы ғалымдардың үйлесімді еңбегі мен заманауи технологиялардың ұштасуы нәтижесінде Абай академиясы гуманитарлық ғылымдардың өзекті орталығына айналып келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай еліміздегі өзге де Абайтану орталықтары институт төңірегіне топтасып, бірлескен зерттеу жұмыстарын іске асырып жатыр. Бұл үдеріс еліміздің рухани жаңғыру стратегиясымен үндесіп, мәдени мұраның цифрлы трансформациясын қамтамасыз етіп отыр.

Абай мұрасы цифрлық дәуірде кеңінен тарап жатыр
Коллаж: Kazinform/ Canva/ Gov.kz

 

Абай мұрасын цифрлы платформада таныту 

Абай мұрасын цифрлы кеңістікте таныту соңғы жылдары айтарлықтай серпін алды. Ақын шығармалары мен оған қатысты зерттеулер цифрлы форматқа көшіріліп, электронды кітапханалар, мультимедиалық ресурстар, деректі фильмдер мен онлайн курстар арқылы кеңінен таралып жатыр.

- Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен бірге, өзге де жоғары оқу орындарында Абайдың шығармалар жинағын, аудио нұсқаларын, интерактивті оқыту платформаларын әзірлеп, көпшілікке таратуға күш салып отыр. Сонымен қатар, eGov.kz, Kitap.kz, Kazneb.kz және OpenU.kz сияқты ұлттық білім беру және мәдени платформаларына Абай мұрасына қатысты контент кеңінен ұсынылып жатыр. Бұл Абай шығармашылығын жаһандық цифрлық кеңістікте танымал етуге және жас ұрпақтың цифрлық сауаттылығы аясында оны жүйелі қабылдауына мүмкіндік береді. Ақынның мұрасын ХХІ ғасырдағы Қазақстанның бренді ретінде әлем жұртшылығына таныту мақсатында ақын шығармалары бойынша 22 әлеуметтік-танымдық кейс қазақ тілінде дайындалса, тағы 22 кейс түрік, орыс, және ағылшын тілдеріндегі субтитрлерімен әзірленді, - деп аталып өткен Ғылым министрлігі мәліметінде.

Зерттеуді жүзеге асыру нәтижелері бойынша ақын қарасөздерінің аудиоқоры; «Толық адам» концепциясы бойынша Абай шығармаларының бейнеқоры; «Толық адам» бағыты бойынша ғылыми-танымдық мақалалар топтамасы; Ыстық қайрат, Нұрлы ақыл, Жылы жүрек тақырыбындағы ақынның даналық сөздерінің жиынтығы; Көрнекті абайтанушы ғалымдардың академиялық бейнедәрістер топтамасы; Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасы бойынша онлайн кітапханасы әзірленді.

Еске салсақ, Абайдың 180 жылдығына арналған онкүндік мерейтойлық шаралар басталғанын жазған едік. Жақында Семей қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледждің «Ес-Аймақ» рухани орталығында «Abai akademiasy» атты энциклопедиялық порталдың тұсаукесері өтті.

«Abai akademiyasy» порталы — Абай мұрасын өскелең ұрпаққа насихаттайтын, ақын туралы толық мәлімет ұсынатын ғылыми-танымдық дереккөз. Платформада ақынның әдеби, ғылыми, публицистикалық және эпистолярлық еңбектері текстологиялық сараптамамен, түрлі форматта жинақталған. Материалдар Абай институттары, ғылыми орталықтар, архивтер мен мұражайлардан алынып, цифрлы түрде енгізілген. Сондай-ақ теле-радио хабарлар мен деректі фильмдер де қамтылған.

Соңғы жаңалықтар