Абай облысы әкімдігінде жиһаз сатып алу конкурсы тоқтатылды
СЕМЕЙ. KAZINFORM - Соңғы күндері Абай облысында әкімдік пен оған қарасты басқармалар үшін кеңсе жиһаздарын сатып алу мәселесі БАҚ пен әлеуметтік желіде кеңінен талқылануда. Осыған орай, біз облыс әкімдігіне сауал жолдап, жағдайдың мән-жайын нақтылауға тырыстық.

Абай облысы әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садыр аталған мемлекеттік сатып алу процесі бойынша жағдайдың қалай қалыптасқанын түсіндіріп берді.
Сұрақ:
– Ербол Әбілхайырұлы, соңғы күндері Абай облысы әкімдігі мен оған қарасты басқармаларға кеңсе жиһаздарын сатып алу бойынша конкурс туралы біраз БАҚ-та айтылды. Жалпы, облыс әкімдігі бұған дейін кеңсе жиһазымен қалай қамтамасыз етілген еді?
Жауап:
– Кеңсе жиһаздарын сатып алу бойынша конкурстық рәсімдер жарияланғанымен, Абай облысы әкімінің шешімімен тоқтатылғанын хабарлаймын.
Ал сұрағыңызға келер болсам, Абай облысы құрылған 2022 жылдан бері облыс әкімінің аппараты мен оған бағынысты 23 басқарма үшін жиһаз сатып алуға қатысты мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілген жоқ. Қазіргі таңда 639 қызметкер Семей қаласы әкімдігінен есептен шығарылған, тозығы жеткен жиһаздарды қолданып келеді. Тіпті қызметкерлері өз үйінен әкелген жиһаздарды пайдаланып жүрген басқармалар да бар.
Жалпы, қарапайым қызметкерлерге ыңғайсыздық тудырған осы өзекті мәселені шешу үшін 2024 жылы мемлекеттік сатып алу рәсімдері басталған болатын. Анығын айтқанда, былтырдан бері күні бүгінге дейін 7 рет жарияланды. Алайда, тапсырыс орындаушылар тарапынан құжаттардың дұрыс болмауы себебімен үнемі конкурс шегеріліп келеді.
Кеңсе жиһазына қажеттілік ҚР Қаржы министрінің 2025 жылғы 28 сәуірдегі №201 бұйрығына сәйкес қалыптастырылды. Бұл құжат мемлекеттік органдарды кеңсе жиһазымен, техникалық жабдықтармен, көлік құралдарымен және басқа да материалдық ресурстармен қамтамасыз етудің заттай нормаларын белгілейді.
Сұрақ:
– Жиһаз сатып алу процесі қайта қолға алына ма?
Жауап:
– Жоқ. Жаңа айтқанымдай облыс әкімінің шешімімен конкурс тоқтатылды.