Абай облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметінен босатылды

Абай облысы әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен босатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі өңір әкімдігіне сілтеме жасап.

абай облысы
Фото: Абай облысының әкімдігі

Айдын Мейрамбекұлы 1988 жылғы 1 қаңтарда Семей қаласында дүниеге келген. Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін, Қазақ қаржы-экономика академиясын, Қазақ Гуманитарлық заң университетін тәмамдаған.

Еңбек жолын 2006 жылы бастаған. Түрлі жылдары ҚР ТЖМ «Есептеу техникасы, телекоммуникациялар, информатика және ситуациялық талдау» РМК, «АйТи-Сервис» ЖШС, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ, «Телекоммуникациялар саласындағы техникалық сүйемелдеу орталығы» РМК, Астана және Семей қалалары әкімінің аппараттарында қызмет еткен.

2012-2016 жылдары ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігі Халықаралық экономикалық интеграцияны реттеу департаментінің директорының орынбасары, басқарма басшысы, бас сарапшысы болып жұмыс істеді.

2016 жылдан бастап ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің құрылымында жұмыс істеді: 2016-2017 жылдары – Сыртқы байланыстар және хаттама бөлімі меңгерушісінің орынбасары, 2017-2019 жылдары – Сыртқы байланыстар және хаттама бөлімінің меңгерушісі – ҚР Премьер-Министрінің хаттама шефі.

2019 жылдың сәуір-қараша айлары аралығында ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Сыртқы экономикалық ынтымақтастық және хаттама бөлімінің меңгерушісі лауазымын атқарды.

2019-2022 жылдары ҚР Премьер-Министрінің Кеңсесі басшысының орынбасары болды. Ал 2022 жылдың 22 маусымынан осы уақытқа дейін Абай облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметінде болды. 

Соңғы жаңалықтар