Абай облысы әкімінің орынбасары тағайындалды
АСТАНА. KAZINFORM — Думан Оспанов Абай облысы әкімінің орынбасары болды, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

— Президент Әкімшілігінің келісімімен, Абай облысының әкімі Берік Уәлидің өкімімен 2025 жылдың 3 қазанынан бастап Думан Рыспекұлы Оспанов облыс әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды, — делінген хабарламада.
Аймақ басшысы бүгін оны облыс активіне таныстырды.
Думан Рыспекұлы Оспанов 1979 жылы Абай облысы Мақаншы ауданының Мақаншы ауылында дүниеге келген.
2000 жылы Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетті «Қаржыгер-экономист» мамандығы бойынша, 2006 жылы Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтын «Заңгер» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 2001 жылы «Наурыз банк Қазақстан» АҚ-да бастады. Әр жылдары банк секторында, «Астана-Финанс» АҚ, «Өңірлік инвестициялық орталығы» ЖШС, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ және «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-да түрлі басшылық лауазымдарда қызмет атқарды.
2022 жылдан бастап осы тағайындауға дейін «ҚазАгроФинанс» АҚ басқарушы директоры болды.
Бұдан бұрын Сұлтанғали Кенжеқұлов «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ басқарма төрағасы атанғанын жазғанбыз.