Абай облысы құрамасы робототехникадан Орта Азия чемпионатына жолдама алды
АСТАНА. KAZINFORM – Алматы қаласы Tamos мектебінде робототехника бойынша FIRST Championship өңірлік іріктеу чемпионаты өтті. Чемпионатқа елімізден 38 команда қатысты. Екі күндік жарыста Абай облысының «АLASH» құрамасы топ жарып, жүлделі 2-орынды иеленді.

Абай облысы әкімдігі баспасөз қызметінің дерегінде, чемпионаттағы үздік командалар ақпан айының соңында Астанада өтетін FIRST Орталық Азия кезеңіне жолдама алғаны хабарланды. Облыс командасы Азия чемпионатында республика намысын қорғайды.

Электротехникалық колледж студенттері мен Абай ауданы Ш.Әбенов атындағы мектеп оқушыларынан жасақталған команда құрамы: колледж студенттері - Азамат Бейбітұлы, Нестеренко Руслан, Нұрбол Жүнісов, Бекжан Қорғамбаев. Мектеп оқушылары: Ералы Сырымұлы, Санжар Асқарұлы, Елдар Оразбеков, Жанболат Қайроллаев.

Чемпионат Қазақстан мен Өзбекстанның түкпір-түкпірінен 500-ден астам қатысушының басын қосты. Үш бағытта өткен жарыста қатысушылар өнер тақырыбы бағытында өздерінің инновациялық жобаларын ұсынды және арнайы жабдықталған алаңдардағы Роботтар шайқасында сынға түсті.