Абай облысында 1,5 млрд долларлық мыс балқыту зауыты салынады
АСТАНА. KAZINFORM — Абай облысында құны 1,5 млрд доллардан асатын мыс балқыту зауытын салу жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы халықаралық Astana Mining & Metallurgy (AMM 2026) конгресінде Премьер-Министр Олжас Бектенов мәлімдеді.
— Жаңа кәсіпорын қазіргі уақытта экспортталып жатқан мыс концентратының барлығын ел ішінде өңдеуге мүмкіндік береді. Жоба — экономиканы шикізаттық модельден терең өңдеуге көшіруге және жоғары қосылған құны бар өнім шығаруға бағытталып отыр.
Сонымен қоса Үкімет басшысы соңғы екі жылда Қазақстанда катодты мыс, ферросилиций, ферроқорытпалар және өзге де өнімдер шығаратын жалпы құны 1 млрд доллардан асатын бірқатар ірі өндіріс іске қосылғанын атап өтті.
— Павлодар облысында жылына 300 мың тонна алтын-мыс концентратын және 15 тоннаға дейін алтын өндіруге мүмкіндік беретін гидрометаллургиялық комбинат салынып жатыр. Бұдан бөлек, «Qarmet» компаниясы Қарағанды облысында автомобиль өндірісіне арналған болат сияқты жоғары өңделген өнімдер шығаруға бағытталған өндірісті жаңғыртудан өткізіп жатыр, — деді ол.
Премьер-Министрдің айтуынша, Қазақстанның стратегиялық міндеті — тек өндіріс көлемін арттыру ғана емес, сонымен бірге әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті өнеркәсіптік өнім өндіруші ел ретіндегі позициясын нығайту.
Айта кетейік, бүгін елордада тау-кен металлургия саласындағы ең ірі халықаралық алаңдардың бірі — 16-Astana Mining & Metallurgy (AMM 2026) халықаралық тау-кен металлургия конгресі өз жұмысын бастады. Аталған іс-шараға 15 елден 69 компания қатысып жатыр. Олардың қатарында Аустралия, Германия, Италия, Канада, Қытай, Сауд Арабиясы, АҚШ, Финляндия, Франция, Чехия және Швеция секілді мемлекеттер бар.