Абай облысында 200-ге жуық мектеп қызметкерінің жеке мәліметі тарап кеткен

СЕМЕЙ. KAZINFORM – Бородулиха ауданының прокуратурасы үш орта мектептің 194 қызметкерінің жеке мәліметі тарап кеткенін анықтады. Бұл заңбұзушылық мемлекеттік сатып алулар порталына мониторинг жүргізу барысында белгілі болды.

Мұғалімдер
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Білім беру мекемелері мемлекеттік сатып алу бойынша медициналық тексеруден өту үшін қызметкерлердің тізімдерін жариялаған. Онда барлық қызметкердің жеке мәліметтері, оның ішінде толық анкеталық мәліметтер, ЖСН және басқа да ақпараттар көрсетілген.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мұндай мәліметтер міндетті түрде қорғалуға тиіс. Шектеулі қолжетімді ақпаратқа қол жеткізген тұлғалар оның құпиялылығын қамтамасыз етуге міндетті және мәліметтер иесінің келісімінсіз немесе заңды негіз жоқ жағдайда жеке ақпаратты таратуға құқылы емес.

Мектеп басшылығының бұл талаптарды сақтамауы жеке мәліметтердің заңсыз мақсатта пайдаланылу қаупін туғызды.

– Тексеру қорытындысы бойынша аудан прокуратурасы мектеп директорларын ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 79-бабы 2-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартып, 1 миллион теңгеден астам айыппұл салды, сондай-ақ олар тәртіптік жазаға тартылды, - деп мәлімдеді Абай облысының прокуратурасы.

Қазір аудандық білім бөлімі болашақта ұқсас бұзушылықтардың алдын алу мақсатында шаралар қабылдаған.

Айта кетейік, 16 млн қазақстандықтың жеке дерегі таралу фактісіне қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Соңғы жаңалықтар