Абай облысында 3 010 суқұзғынды атуға рұқсат беріледі
АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылдың 16 шілдесінде сағат 15:00–де Абай облысында үлкен суқұзғын (лат. Phalacrocorax carbo) құстарының санын реттеуге арналған рұқсат алу жүйесі іске қосылады, деп хабарлайды Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті.

Комитет атап өткендей, өтінімдер www.elicense.kz электрондық үкімет порталында қабылданады.
— Бұл шара құстардың шамадан тыс көбеюі салдарынан табиғи тепе-теңдікті сақтау және балық қорын қорғау мақсатында жүзеге асырылып отыр. Биыл Абай облысы бойынша 3 010 суқұзғынды атуға рұқсат (лимит) берілмек. Бұл рұқсат ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға қатысты емес. Лимитке негіз болған биологиялық қорытынды арнайы сараптамаға сүйене отырып дайындалған, — делінген ведомство хабарламасында.
Рұқсаттар Қазақстан Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің бекітілген ережелеріне сәйкес беріледі. Қызмет толық автоматтандырылған — өтінім жіберілгеннен кейін 20 минут ішінде рұқсат беріледі, адам араласпайды.
Бұған дейін Батыс Қазақстанда киік санын реттеу жұмысы қалай жүргізіліп жатқанын жазған едік.