Абай облысында 50-ден астам медициналық мекеме тек қағаз жүзінде пайдалануға берілген
СЕМЕЙ. KAZINFORM – Өткен жылы өңір ауылдарында 62 медициналық мекеме салынып, пайдалануға беру актісі дайын болды. Алайда осы күнге дейін тек 10 мекеме аудандық ауруханалардың қарамағына берілген.

Себебі абаттандыру жұмыстары аяқталмаған, медициналық құрал-жабдықтар орнатылмаған. Жиһаздар да толық жеткізілмеген. Кейбір ғимараттардың шатырынан су ағып, ішкі қабырғалары жарыла бастаған.
Облыс әкімі Берік Уәли халық қаншама жылдан бері тағатсыздана күтіп отырған медициналық нысандардың уақытында пайдалануға берілуін бақыламағаны үшін салаға жауапты орынбасары мен Құрылыс басқармасының жұмысын сынға алды.
- Бұл жауаптылардың салғырт жұмысының нәтижесі деп санаймын. Өткен аптада Аягөз ауданына барғанымда бірнеше ауылдың тұрғыны салынған медициналық нысандардың құрылысына шағымдарын айтты. Былтыр жыл соңында қабылданған ғимараттар неге әлі күнге дейін іске қосылмай отыр? Осыған жауапты Құрылыс басқармасы қайда қараған? Бұл – халыққа қызмет көрсететін орындар. Аудан, ауыл әкімдері ғимараттар сіздердің аумақтарыңызда болғандықтан нысанды қабылдау кезінде қадағалауға алу керек еді. Бұған сіздер де жауаптысыздар, - деді аймақ басшысы.
Облыс әкімі олқылықтарды жою мақсатында Құрылыс басқармасының мамандарын құрылыс жүргізіліп жатқан әрбір нысанға жауапты ретінде бекітіп, күнделікті бақылау жасауды тапсырды.
Еске салсақ, осыған дейін Абай облысында 753,1 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілгені жайлы жазғанбыз.