Абай облысында 753,1 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі

СЕМЕЙ. KAZINFORM – Абай облысында көктемгі егіс жұмыстары жүргізіліп жатыр.

егістік
Фото: Валерий Бугаев

Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, өңір бойынша 302 мың гектар дәнді және дәнді-бұршақ дақылдары, 308,5 мың гектар майлы дақылдар, 133 мың гектар жем-шөп, 5,8 мың гектар картоп, 3,8 мың гектар көкөніс және бақша дақылдары егіледі.

- Бүгінгі күні ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 39,6 мың тонна материал екті. Оның ішінде элиталық тұқым 2,1 мың тонна, бірінші репродукция бойынша 19,3 мың тонна, екінші репродукция 11,7 мың тонна, үшінші репродукция 6,5 мың тонна. Сондай-ақ 6,6 мың тонна элита тұқымы және будандар (күнбағыс, жүгері және т.б.) сатып алынды. Қазіргі уақытта тұқым материалын тексеру жұмыстары 58%-ға аяқталды, - делінген ақпаратта.

Облыста 3 тұқым шаруашылығы және 1 тұқым өткізуші шаруашылығы жұмыс істейді. Қазір барлық тұқым шаруашылықтары бойынша 700 тонна қалдық тұқым бар. 2025 жылға арналған тыңайтқыштар жоспары 63,6 мың тоннаны құрайды.

- Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін аймақта 12 900 шынжыр табанды және доңғалақты техника жұмылдырылады. Оның ішінде 7 833 трактор, 302 жоғары өнімді егіс кешені, 1 971 сепкіш, 2 794 топырақ өңдеу құралы бар. Техниканың дайындығы 100% құрайды. Жедел деректер бойынша 75 мың гектар аумақта ылғал жабу жұмыстары жүргізілді. Егіс алдындағы өңдеу – 15 мың гектарға немесе 2,9%-ға орындалды, - делінген хабарламада.

Егіс жұмыстарын орындау үшін облыстың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне 27,520 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді.

Наурыз айына бөлінген 8 040 тонна дизель отынның, бүгінде 7965 тонна төленіп, 7352 тонна жөнелтілді. Cәуір айына 8310 тонна дизель отыны бөлінді. Облыс операторлары шарттар жасасу және дизель отынын жөнелту жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Еске салсақ, осыған дейін СҚО алқаптарында биыл ылғал қоры жеткілікті екендігі хабарланған.

 

Соңғы жаңалықтар