Абай облысында 51 келі есірткі заңсыз айналымнан алынды
АСТАНА. KAZINFORM — Абай облысында ағымдағы жылдың басынан бері өңір аумағында есірткімен байланысты 28 қылмыс анықталып, барлық дерек бойынша қажетті процессуалдық шаралар қабылданып жатыр, деп хабарлайды облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, 29 қылмыстық құқықбұзушылық тіркеліп, олардың авторларын анықтау және жауапқа тарту бағытында белсенді жұмыс жүргізілуде. Заңсыз айналымнан 51 килограмм әртүрлі есірткі және психотроптық заттар алынды.
— Есірткі жеткізу арналарының анықталуы мен жойылуына ерекше мән беріліп отыр. Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде синтетикалық есірткі жеткізудің екі тұрақты арнасы толықтай жабылып, бұл өңірдегі ұйымдасқан қылмыстық топқа елеулі соққы болды. Есірткі қылмысын жасаған 10 адам ұсталып, барлығы қылмыстық жауапкершілікке тартылады, соның ішінде синтетикалық есірткі заңсыз сақтаған екі азамат бар, — делінген хабарламада.
Синтетикалық есірткінің таралуы бүгінгі таңда өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Қазіргі кезде наркобизнес интернет-платформалар мен байланыссыз сауда тәсілдерін белсенді қолдануда, бұл құқық қорғау органдарынан жоғары дәрежедегі сақтықты талап етеді.
Абай облысы Полиция департаменті профилактикалық жұмысқа ерекше мән береді. Білім беру ұйымдарында дәрістер, деректі фильмдер көрсетілімдері өткізіліп, акциялар, флешмобтар және спорттық іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. «Біз өмірді таңдаймыз — біз есірткіге қарсы» деген ұранмен жастарды заңсыз табыс көздеріне тартудың алдын алу басты басымдықтардың бірі болып отыр.
Департамент жұмысының негізгі бағыттарының бірі — есірткіден азат, қауіпсіз ортаны қалыптастыру. Бұл бағытта әрбір өңір тұрғыны заңсыз есірткі айналымының қауіп-қатерінен қорықпай, еркін өмір сүріп, дамуына жағдай жасалады.
Осыдан бұрын Қызылорда облысында есірткі қылмысы бойынша 60 есепшот бұғатталғанын жаздық.