Абай облысында 64 ауылды су басуы мүмкін

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Абай облысындағы 64 елді мекенді су басу қаупі бар. Бүгінде сол ауылдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Kazinform тілшісі осы сауалға жауап іздеп көрді.

Абай облысында 64 ауылды су басуы мүмкін
Фото: Абай облысының әкімдігі

Қай аудандарда қауіп басым?

Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 2026 жылғы көктемгі су тасқыны қаупі бар кезеңге дайындық жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр.

- Өңірде су басу ықтималдығы бар аумақта 64 елді мекен орналасқан. Бұл жерлерде 42 мыңнан астам адам тұрады. Қазіргі уақытта 22 елді мекенде қауіп деңгейі едәуір төмендетілген. Болжамды гидрометеорологиялық жағдайларды ескере отырып, елді мекендер мен тіршілікті қамтамасыз ету нысандарын қорғауға бағытталған алдын алу және инженерлік іс-шаралар кешені іске асырылып келеді, - деп жауап берді департаменттің баспасөз қызметі агенттік сауалхатына.

«Қазгидромет» болжамына сәйкес, биылғы көктемде Ақсуат, Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма және Көкпекті аудандары жоғары тәуекел аймағында тұр.

- Инженерлік жұмыстар жоспары аясында 28 шара орындалды. Сонымен қатар жоспардан тыс 33 шақырым қорғаныс бөгеттеріне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, елді мекендердің айналасында 8 шақырым қорғаныс үйінділері тұрғызылды. Шамамен 14 шақырым арық желісі тазартылып, автокөлік жолдарына және теміржолдардың астына 25 қосымша су өткізу құрылыстары орнатылды. Өзен арналарының қауіпті учаскелерінде ұзындығы 21 шақырым жағалауды бекіту жұмыстары атқарылып, 8 шақырым арнада түбін тереңдету жұмыстары жүргізілді, - делінген ақпаратта.

Ертіс және Үбі өзендерінде профилактикалық жару жұмыстарын жүргізу үшін учаскелер айқындалды. Гидрологиялық ахуал мен гидротехникалық құрылыстардың жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізіліп жатыр.

20 ақпанда Ертіс және Үбі өзендеріне тікұшақпен аэровизуалды мониторинг жасалды. Нәтижесінде өзендердің толықтай мұз жамылғаны, жағалау аумақтарында су басу және мұз бетіне судың шығу фактілері тіркелмегені анықталды.

Командалық-штабтық оқу-жаттығу өтеді

Абай облысында 64 ауылды су басуы мүмкін
Фото: Абай облысының әкімдігі

Абай облысы әкімдігінің хабарлауынша, өңірде су тасқынына дайындық мақсатында қажетті материалдық-техникалық қор қалыптастырылды. Атап айтқанда, 12 мың тонна инертті материал, 112 тонна жанар-жағармай материалдары және 45 мың дана ыдыс-қап дайындалды. Жедел әрекет ету үшін 1 400-ден астам адам, 550-ден астам техника, 30 жүзу құралы және 170 су айдау құрылғысынан тұратын күштер мен құралдар тобы жасақталды. «Қазавиақұтқару» АҚ-ның Ми-8 тікұшағы тұрақты дайындықта.

- Облыстың су тасқыны кезеңінен қауіпсіз өтуін қамтамасыз етуге бағытталған алдын алу шаралары толық көлемде жалғасатын болады. Жағдай бақылауда, - деп хабарлады әкімдіктен.

Айта кетейік, өңірде азаматтық қорғау қызметтерінің дайындығын пысықтау мақсатында 27-28 ақпан күндері «Көктем-2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізілмек.

Абай облысында 64 ауылды су басуы мүмкін
Фото: Абай облысының әкімдігі

Еске салсақ, осыған дейін Шығыс Қазақстанда су тасқынына дайындық жұмыстарының қалай жүргізіліп жатқаны жайлы жазғанбыз.

 

Соңғы жаңалықтар
Референдум