Абай облысында 74 жастағы қария із-түзсіз жоғалып кетті
СЕМЕЙ. KAZINFORM — Абай облысы Мақаншы ауылында жоғалып кеткен қария 1 аптаға жуық уақыт бойы табылмай жатыр.

Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Мақаншы ауылының тұрғыны Сембай Тұраров 21 мамыр күні жоғалып кеткен.
— Белгілі болғандай, 74 жастағы қария Жамбыл көшесі, № 23 мекенжайындағы үйінен белгісіз жаққа шығып кетіп, сол күйі қайтып оралмаған. Хабар түсе салысымен полиция қызметкерлері іздестіру жұмыстарына кірісті. Алайда әлі күнге дейін ол табылған жоқ, — делінген ақпаратта.
Осы ретте, тәртіп сақшылары Сембай Тұраровтың қайда екендігі жайлы қандай да бір ақпарат білгендерден Мақаншы аудандық полиция бөліміне, 102 жедел арнасына немесе 8-722-394-12-78 телефон нөміріне хабарласуларын сұрайды.
Еске салсақ, осыған дейін Ертіс өзенінде суға батып кеткен ер адамның денесі бір айдан соң табылғаны хабарланған.