Абай облысында «Абай күні» мерекесі басталды

СЕМЕЙ. KAZINFORM - Абайдың 180 жылдығына арналған онкүндік мерейтойлық шаралардың соңғы күні ақынның туған жері – Абай ауданында өтіп жатыр.

Абай облысында «Абай күні» мерекесі басталды
Фото: Талғатжан Мұхаметбекұлы

Таңертеңнен Қарауылға жиналған халық қарасы қалың. Қазақстанның әр өңірінен ғана емес, алыс-жақын шетелден келгендер де бар. Мұнда 180 ақшаңқан киіз үй тігілген.

Орталық сахнаның бір шетінде киіз үйлер тұрса, екінші жағында сауда-саттық қызып жатыр. Ұлттық нақыштағы зергерлік бұйымдар, киім-кешек, тұрмыстық заттар мен Абайдың мүсіншелері сатуға қойылған.

Абай облысында «Абай күні» мерекесі басталды
Фото: Талғатжан Мұхаметбекұлы

Салтанатты шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев, облыс әкімі Берік Уәли, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Сенат депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар және мәдениет саласының өкілдері келген.

Дәл қазір орталық сахнада Абайға қатысты театрландырылған қойылым қойылып жатыр.

Абай облысында «Абай күні» мерекесі басталды
Фото: Талғатжан Мұхаметбекұлы

Айта кетерлігі, тазалыққа ерекше мән беріліп, әжетханалар да орнатылған.

Кешке мерейтойға арналған спорттық сайыстардың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі мен «Желсіз түнде жарық ай» гала-концерті болып, танымал әншілер өнер көрсетеді.

Еске салсақ, осыған дейін Семейде ұлы ақынның 180 жылдық мерейтойына орай «Адамзаттың Абайы» атты республикалық ақындар айтысы мен «Жеті қазына» республикалық фестивалі өткені хабарланды. Айтысқа елдің әр өңірінен келген 12 айтыскер ақын қатысты. Айтыс жүргізушісі – белгілі айтыскер ақын, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтаев.

Соңғы жаңалықтар