Абай облысында алаяқтар халықты алдаудың жаңа әдісіне көшті

СЕМЕЙ. KAZINFORM – Абай облысында алаяқтар тұрғындарға өздерін домофонға техникалық қызмет көрсететін компанияның қызметкерлері ретінде таныстыра бастады.  

Абай облысында алаяқтар халықты алдаудың жаңа әдісіне көшті
Фото: Polisia.kz

Ең әуелі олар азаматтарға қоңырау шалып, өздерін домофонға техникалық қызмет көрсететін компанияның қызметкерлері ретінде таныстырады. Одан соң «қосымша кілттер жасау» немесе «үйге кілтсіз кіру қызметін қосу» сияқты жалған қызметтерді ұсынады.

– Сол үшін подъез есігін кілтсіз ашуға мүмкіндік беретін алты таңбалы «жеке код» жіберетінін айтады. Әр пәтердің жеке коды болатынын және бұл жаңа, ресми қызмет екенін алға тартады.Алайда шын мәнінде мұндай сервис мүлдем жоқ. Азаматтың келісімін алған соң алаяқтар жеке деректерді жинауға кіріседі, - деп хабарлады Абай облыстық Полиция департаментінен.

Сөйтіп алданған адамның атына несиелер рәсімдейді. Ал нағыз домофон компаниялары телефон арқылы жеке деректерді сұрамайды. 

– Күдік тудыратын қоңыраулар түскен жағдайда әңгімені дереу тоқтатып, бұл туралы «102» жедел арнасына хабарласыңыз, - деп ескертті полицейлер. 

Еске салсақ, осыған дейін Алматыда алаяқтықтың 30 дерегіне қатысы бар күдікті ұсталғаны хабарланған. 

Соңғы жаңалықтар