Абай облысында алғаш рет әйелдер форумы өтті
Бесқарағай ауданында ауқымды әйелдер форумы өтті. Бұл Абай облысы бойынша ұйымдастырылған осындай алғашқы форум, деп хабарлайды Kazinform.

Абай облысы әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, әйелдер форумына түрлі салада қызмет етіп жүрген 100-ге жуық әйел, оның ішінде батыр аналар, мемлекеттік қызметкерлер, үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты.
«Бүгінде еліміздің қыз-келіншектері сан алуан салада қызмет етіп, үлкен табыстарға жетіп жатыр. Бұл еңбекқорлық пен іскерліктің айқын көрінісі. Бірнеше жыл ішінде Қазақстанның саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуындағы әйелдердің рөлі тұрақты түрде артып келеді. Сонымен қатар шағын және орта бизнесті ілгерілетуде әйелдердің рөлі ерекше. Жалпы нәзік жандылардың барлық салада тер төгіп келе жатқаны көңіл қуантады», - деді Абай облысы Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Арман Жемағұлов.

Қазіргі таңда облыстың әйелдер қауымы қызметтің әр саласына белсенді түрде атсалысуда. Осыған орай өз мамандығында айтарлықтай нәтижеге қол жеткізген әйелдер облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Сонымен қатар форумға қатысушылар өзін-өзі дамыту, кәсіп ашу, денсаулықты күту және басқа да маңызды тренингтерге қатысты. Шара барысында Бесқарағай ауданының кәсіпкерлері өз өнімдерінің көрмесін де ұсынды.
