Абай облысының үш бірдей ауылында сүзгіден өтпеген ауыз су беріліп келген
АСТАНА. KAZINFORM — Мақаншы ауданының прокуратурасы халықты ауыз сумен қамтамасыз ету кезінде заңнама талаптарының сақталуына тексеру жүргізді. Тексеру барысында тұрғындарды қауіпсіз ауыз сумен қамтамасыз етуге қауіп төндіретін бірқатар бұзушылықтар анықталды. Бұл туралы өңірдегі прокуратура мәлім етті.
Атап айтқанда, Бұғыбай, Қызылбұлақ және Қызылжұлдыз ауылдарындағы блок-модульдік станцияларда су сүзу жүйелерінің жоқтығы анықталды. Сонымен қатар аталған нысандарда санитариялық-қорғау аймақтары белгіленбеген және қажетті санитариялық қорытындылар алынбаған.
Сондай-ақ Бекет және Қабанбай ауылдарында бюджет қаражаты есебінен салынған, жалпы құны 2 млрд теңгеден асатын сумен жабдықтау желілері құрылыс аяқталғаннан кейін коммуналдық кәсіпорынның балансына берілмегені анықталды. Соның салдарынан аталған нысандар іс жүзінде тиісті қызмет көрсетусіз қалған.
Анықталған бұзушылықтар халыққа белгіленген санитариялық талаптарға сәйкес келмейтін ауыз судың берілуіне әкеп соғуы мүмкін еді.
Тексеру нәтижелері бойынша аудан прокуратурасы анықталған бұзушылықтарды жою және сумен жабдықтау нысандарын тиісінше күтіп-ұстауды қамтамасыз ету туралы аудан әкімдігіне ұсыныс енгізді.
Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдар бұзушылықтарды жою бойынша тиісті шаралар қабылданып жатыр.
Аудан прокуратурасы олардың іс жүзінде жойылуына бақылау жүргізіп жатыр.
Бұған дейін БҚО-да ауызсудың сапасын бақылау барысында 80 сынама талапқа сай келмей шыққанын жазған едік.