Абай облысында базар иелеріне қойылған заңсыз талаптардың күші жойылды
АСТАНА. KAZINFORM — Абай облысының Мақаншы ауданында базар иелеріне негізсіз міндет жүктеген әкімдік қаулысының күші жойылып, оны әзірлеген бөлім басшысы әкімшілік жауапқа тартылды. Бұл туралы өңірдегі прокуратура мәлім етті.
Анықталғандай, аудан әкімдігінің «Мақаншы ауданының аумағында стационарлық емес сауда объектілерін орналастыру орындарын айқындау және бекіту туралы» қаулысымен базар иелеріне сауда объектілерін орналастыру үшін жер учаскелерін өтеусіз негізде беру міндеті негізсіз жүктелген.
Аталған талаптар кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін бұзып, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру барысында қосымша негізсіз міндеттемелер туындатқан.
Прокурорлық қадағалау актісі негізінде әкімдіктің заңсыз қаулысының күші жойылып, кәсіпкерлердің құқықтары қорғалды.
Сонымен қатар, кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне заңсыз араласқаны үшін нормативтік құқықтық актіні әзірлеген кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 173-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
Абай облысының прокуратурасы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, әкімшілік кедергілерді жою және мемлекеттік органдардың кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласуына жол бермеу бағытындағы жұмысты жалғастырмақ.
Бұған дейін Прокуратураның ықпалымен Қостанай облысындағы ауылда ауыз су тарифі 45 еседен астам төмендетілгенін жаздық.