Абай облысында биыл 660 адам интернет алаяқтардың арбауына іліккен
СЕМЕЙ. KAZINFORM – Абай облысында жыл басынан бері интернет алаяқтардан 660 адам зардап шекті.
Интернеттегі алаяқтардың тұзағына түскендердің ақшасын қайтару оңай шаруа емес. Биыл өңір бойынша алданып қалған халықтың тек 10 пайызына қаражаттары қайтарылған.
«Жыл басынан бері Абай облысында 660 интернет-алаяқтық фактісі тіркелді. Құқық қорғау органдарының қабылдаған шараларының нәтижесінде 60-тан астам адамның ақшасы қайтарылды. Нақты айтқанда, 11 млн теңге. Бұған дропперлерден қайтарылған қаражаттар кірмейді», - деп хабарлады облыстық полиция департаментінен.
Полицияға уақытылы хабарласу ақшаны қайтаруда шешуші рөл атқарады.
«Жәбірленуші бізге неғұрлым тез жүгінсе, шотқа жіберілген қаражатты бұғаттау және оны иесіне қайтару мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады», - дейді департамент бастығы Бектөре Сұлтан.
Еске салсақ, осыған дейін Жамбылда прокуратура қызметкері алаяқтық жасады деп ұсталғаны хабарланған.