Абай облысында карантинге жабылған ауылдың тұрғынынан сібір жарасы табылған жоқ
Абай облысы Бесқарағай ауданындағы төтенше жағдай жарияланған Жетіжар ауылының тұрғынынан сібір жарасы анықталған жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, ауыл тұрғыны тапсырған ПТР нәтижесінде сібір жарасы анықталмаған.
«Қазіргі таңда Бесқарағай ауданы Жетіжар ауылының тұрғыны ем қабылдауын жалғастырып жатыр. Науқастың жағдайы тұрақты, дене қызуы қалыпты», - делінген ақпаратта.
Жетіжар ауылында міндетті түрде термометрия жүргізіліп, күн сайын барлық мал басы клиникалық түрде тексеріліп жатыр. Бүгінде төрт түліктен ешқандай ауру анықталған жоқ.
«Бесқарағай-вет» мемлекеттік кәсіпорнының мамандары залалсыздандыру жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Еске салсақ, осыған дейін Абай облысындағы бір ауылда төтенше жағдай жарияланғаны хабарланған.
Жетіжар ауылының тұрғыны сібір жарасы ауруына шалдыққан деген күдікке ілінген.
Ауылдың кіре берісіне санитарлық бекет орнатылып, ауылдан ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаруға уақытша шектеу қойылды.