Абай облысында көші-қон заңнамасын бұзған азамат елден шығарылды
СЕМЕЙ. KAZINFORM – Абай облысында көші-қон заңнамасын бұзған азамат жауапқа тартылды.

Polisia.kz-тің мәліметінше, жыл басынан бері Абай облысында Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтудың үш жағдайы тіркелген. Барлық құқық бұзушы жауапкершілікке тартылып, елден шығарылды.
Олардың бірі – Бородулиха ауданының 24 жастағы тұрғыны. Ол көші-қон заңнамасының талаптарын орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылды. Миграциялық қызмет жүргізген тексеріс барысында оның Ресей Федерациясының азаматтығын алғаны, бірақ белгіленген мерзімде Қазақстан Республикасының құжаттарын тапсырмағаны анықталды. Сол себептен оның паспорты мен жеке куәлігі тәркіленіп, азаматтығын жоғалту рәсімі ресми түрде тіркелді. Сонымен қатар ол Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 496-бабының 2-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылып, елден шығарылды.
Еске саламыз, Қазақстан Республикасында қос азаматтыққа тыйым салынған. Шетел мемлекетінің азаматтығын алған тұлғалар 30 күнтізбелік күн ішінде миграциялық қызметке хабар беріп, Қазақстан Республикасының құжаттарын тапсыруға міндетті. Бұл талапты орындамау ауыр салдарға әкелуі мүмкін.
Еске сала кетейік, бұған дейін Абай облысында төрт күнде мас күйде көлік айдаған 11 адам ұсталғанын жазған едік.