Абай облысында референдум учаскесінде ерекше көрме ұйымдастырылды
СЕМЕЙ. KAZINFORM - Бүгін Ақсуат ауылы 186-шы референдум учаскесінің аумағында қолөнер бұйымдары мен суреттер көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге ауылдың талантты шеберлері өз шығармаларын әкеліп, келген қонақтарға ерекше әсер сыйлады.
Ауыл тұрғындары мен дауыс беруге келген азаматтар көрмедегі әр бұйымға қызығушылық танытып, шеберлердің еңбегін жоғары бағалады. Бұл шара адамдарды шығармашылыққа жақындатуға, ұлттық дәстүрлер мен өнерді дәріптеуге мүмкіндік берді.

Көрмеде түрлі қолөнер бұйымдары, жас суретшілердің шығармалары ерекше назар аударды.

Референдумға келген әр азамат өз таңдауын жасай отырып, сонымен қатар ауылдағы мәдени өмірге куә болды. Бұл шара жастар мен үлкендердің қызығушылығын арттырып, ауылдағы рухани өмірді жандандыруға үлес қосады.
