Абай облысында шина өңдеу зауытына қатысты дау бойынша шенеунік жазаланды
АСТАНА. KAZINFORM — Абай облысының прокуратурасы шина өңдеу кешенін салу жобасын жүзеге асырып жатқан инвесторды негізсіз әкімшілік жауапкершілікке тартуға жол бермеді.
Абай облысының прокуратурасы ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің үйлестіруімен «Прокурорлық сүзгі» тетігі аясында шина өңдеу кешенін салу жобасын жүзеге асырып жатқан инвесторды заңсыз әкімшілік жауапкершілікке тартуға жол бермеді.
Прокуратураға келісуге Тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сауда департаментінің «Эйкос» ЖШС-ін тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнаманы бұзды деген негізбен әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы шешімі түскен.
Алайда уәкілетті органның уәждері өз дәлелін таппады.
— Осыған байланысты прокуратура шешімді келісуден бас тартып, инвесторды негізсіз әкімшілік қудалауға жол бермеді, — делінген хабарламада.
Прокурорлық қадағалау актісі бойынша кінәлі лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Еске салайық, бұған дейін кәсіпкерлерге кедергі келтірген 30 монополист жауапқа тартылғанын хабарлағанбыз.