Абай облысында сотталған адам 3 жыл бұрын кісі өлтіргенін мойындады
СЕМЕЙ. KAZINFORM – Ішкі істер министрлігінің криминалистері мен жедел қызметкерлері Абай облысы тұрғынының үш жылдан астам уақыт бойы хабар-ошарсыз жоғалу дерегі ретінде тіркеліп келген ауыр қылмыстың бетін ашты.
Оқиға 2023 жылдың қыркүйегінде басталған. Сол кезде жергілікті тұрғын полицияға хабарласып, жолдасының жоғалып кеткені туралы айтқан.
Ер адам жұмыс істеу үшін басқа жаққа кеткеннен кейін отбасымен байланысын кенеттен үзген. Алғашқы күндері ауқымды іздестіру жұмыстары жүргізіліп, оқиға маңы түгел тексерілгенімен, нәтиже болмады. Ер адам із-түзсіз жоғалып кеткендей болған.
Нақты айғақтар болмағанына қарамастан, іздестіру ісі жабылған жоқ. Жедел қызметкерлер жоғалған азаматтың араласқан ортасын жіті тексеріп, қылмыстық әрекетке қатысты нұсқаларды да пысықтады. Ақыры оның жоғалар алдында байланыста болған адамдардың өмірбаяны мен деректерін мұқият саралау нәтижесінде күдіктінің ізіне түсті.
Полиция назарына өңір тұрғыны іліккен. Ол 2023 жылдың күзінен кейін басқа қылмыс жасап, сотталған және жазасын өтеу үшін колонияға жіберілген. Құқық қорғау органдары деректерді салыстырып, айғақтарды жинақтаған соң, сотталған азаматқа қатысты бірқатар жедел іс-шара жүргізді.
Ер адам қылмысын мойындады.
– Жедел-іздестіру шаралары барысында полицейлер күдіктінің ізіне түсті. Оның кісі өлтіру қылмысын жасағаннан кейін басқа қылмысы үшін сотталып, бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқаны анықталды. Қосымша кешенді жұмыстардың нәтижесінде күдікті қылмысын мойындап, оның мән-жайын егжей-тегжейлі айтып берді және мәйіт жасырылған жерді көрсетті, – деп хабарлады Ішкі істер министрлігі.
Енді жазасын өтеп жатқан азамат кісі өлтіру қылмысы үшін де сот алдында жауап береді.
Тергеу аяқталып, айыптау актісімен бірге қылмыстық іс сотқа жолданды.
Еске салсақ, бұған дейін Қостанайда 86 жастағы қарияны өлтірді деген күдікпен 17 жастағы жасөспірім ұсталғаны хабарланған.