Қостанайда 86 жастағы қарияны өлтірді деген күдікпен 17 жастағы жасөспірім ұсталды
АСТАНА. KAZINFORM – Қостанайда 86 жастағы ер адамды өлтірді деген күдікпен 17 жастағы жасөспірім ұсталды.
Қарт адамның зорлық-зомбылық белгілері бар мәйіті қаладағы үйлердің бірінің ауласынан табылған.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтады.
– Күдікті 17 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Ол 4 қарашада ұсталды. Кәмелетке толмаған жасөспірім уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта тергеу жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр, – делінген полиция мәліметінде.
Оқиғаға қатысты тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Қостанай облысында 86 жастағы ер адамның мәйіті табылғаны хабарланған болатын. Сол кезде полиция күдіктіні іздестіріп, екінші адамға шабуыл жасалғаны туралы тараған ақпаратты жоққа шығарған еді.