Қостанай облысында 86 жастағы ер адамның мәйіті табылды
АСТАНА. KAZINFORM — Қостанай облысында 86 жастағы ер адамның мәйіті табылуына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Полиция оқиғаның мән-жайын анықтап, күдіктіні іздестіріп жатыр.
Қостанай облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қазір дәлелдерді жинау және бекіту, сондай-ақ күдіктінің жеке басын анықтап, оны ұстау мақсатында тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Оқиғаны тергеуге қажетті күштер мен құралдар жұмылдырылған. Қылмысқа қатысы бар адамды анықтау және ұстау жұмыстары тәулік бойы жалғасып жатыр.
Полиция екінші адамға шабуыл жасалғаны туралы тараған ақпаратты да жоққа шығарды.
— Екінші адамға шабуыл жасалғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Тек ресми дереккөздерге сенулеріңізді сұраймыз, — деп мәлімдеді ведомство.
Тергеу барысы Қостанай облыстық Полиция департаменті басшылығының жеке бақылауында. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жарияланбайды.
Айта кетейік, Есіл өзенінен ер адамның мәйіті табылды.
Бұған дейін Көкшетауда тағы бір сот қызметкерінің мәйіті табылған болатын.